Жылыту маусымы басталғаннан бері өрт оқиғасы жиілеп кетті
Елде жылыту маусымы енді басталды.
Бірақ қазірдің өзінде өрт оқиғасы жиілеп, күйік шалып қаза тапқандар көбейді. Әсіресе Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе және Қарағандыда жағдай күрделі. Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, қарапайым ережелер сақталмайды, тұрғындар да қауіпсіздікке немқұрайлы қарайды.
Өрттің кесірінен өлім-жітім көбейген қаланың бірі Шымкент. Мұнда биыл 150-ге жуық оқыс оқиғасы тіркелді. 10 адам қаза тапты. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5 есе көп. Қайғылы жағдай көлік пен тұрғын үйлерде жиі болады. Ал оның негізгі себептері жаға ұстады.
Әлібек Ысқақов, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:
- Қаза болу себептерінің басым бөлігі адамдардың мас күйінде болуы, сонымен қатар қарапайым өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамай, темекі шегіп ұйықтап қалу салдарынан орын алуда. ++ отты қолдану кезінде абайсыз және қасақана өрт қою салдарынан болуда.
Жалпы елімізде тұрғын үй секторында биыл 4 мыңнан аса өрт тіркелді. 203 адам қаза тауып, 193 адам зардап шекті. Жауаптылардың сөзінше, тұрғындар қауіпсіздікке бейжай қарайды. Бір ғана дәйек - жыл басынан бері 10 мыңнан астам отбасы профилактикалық кеңестен бас тартқан. Өрт шыққан жағдайда адамды құтқаруға мамандардың 5-6 минуты ғана болады. Одан кешіксе бәрі кеш. Енді көмекті жеделдете түсу көзделіп отыр.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Өрт туындаған кезде азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту үшін, кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру қарастырылуда.Бүгінгі таңда, құтқарушыларда өртте мүмкіндігі шектеулі азаматтар туралы ақпарат автоматты түрде болу үшін, 95 мың адамның тұратын жері туралы деректер енгізілді.
Үкімет басшысының айтуынша, газ баллондарының жарылуы да жиілеп кеткен. Биыл 72 жағдай тіркеліп, жүзден аса адам зардап шекті.
17 тұрғын қаза тапты. Ашығын айту керек, бізде газ балондардың сапасы күмәнді. Себебі, жарамсызы жойылып жатыр деп айту қиын, утилизациялау ісі реттелмеген.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі уақытта газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау функциясы әкімдіктерге жүктелген. Өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылған. Алайда, олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет.
Бекзат Аманов, тілші:
- Өрт оқиғалары жер үйлерде жиі болады. Олардың саны биыл 14 пайызға көбейді. Ал қаза тапқандар 10 %-ке көбейді. Газ баллондарының жарылуы да көбейіп кетті. Осыған байланысты Үкімет басшысы дабыл қондырғысын қолжетімді етуді тапсырды. Газ балондар сапасы мен жарамдылық мерзіміне де бақылау күшейеді. Десе де, өрттен сақтану өз қолымызда екенін қаперден шығармайық.
Бекзат Аманов