Астанада Отандастар форумы өтеді
Елордаға қырықтан астам елден 200-ге жуық отандасымыз келді.
Мәртебелі меймандар ұлттық спорт түрлерінен сайыстарды тамашалады. Дәмнен ауыз тиіп, туған жерге деген сағынышын, ыстық лебізін білдірді. Енді әлем қазақтары бас қосатын "Отандастар форумы" өтеді.
Меймандар халық әндерін тыңдап, әншілермен бірге шырқады. Әрі қарай қолөнер шеберлері дайындаған ұлттық аспаптар, бағалы бұйымдар қойылған көрмеге барды. Кейін көкпар, қыз қуу, аударыспақ, садақ ату сайыстарына куә болды.
Ертолқын Ғайнетулла, Түркиядағы "Қазақ елі" газетінің бас редакторы:
- Ата жұртымызға келдік қой. Өз ауылымызға келдік. Жақсы қарсы алды. Біз қазақ тілінде курстар сабақтар береміз. Домбыра сабақтар береміз.
Тұрлан Жанесенов, "Nomad Stunts" Кореядағы қауымдастығының маркетинг директоры:
- Біз қазақтарды жинаймыз. Сосын біз Кореяда әртүрлі іс-шараларға қатысамыз. Қазақстанның салт-дәстүрін, тамағын көрсетеміз.
Мұндай жиынды өткізудегі негізгі мақсат әлемнің әр қиырында жүрген қазақтарды бір жерге тоғыстыру. Тарихымыз бен дәстүрімізді дәріптеу.
Абзал Сапарбекұлы, "Отандастар қоры" КЕАҚ төрағасы:
- Негізгі басым делегация бұл Ресей федерациясынан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан келіп отыр. Сонымен қатар Қытай, Жапония, Корея, Сингапур, АҚШ, Түркия, Еуропаның бірқатар елдерінен. Келешекте Қазақстан мен сол шетелдегі қазақ ұйымдарының арасында жобалар төңірегінде ынтымақтастық орнатамыз деген жоспарымыз бар.
Тастанбек Есентаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті:
- Жан-жақтан, дүниежүзінен келген қандастарымызға біздің мынау ұлттық аспаптарды, ұлттық спорттың түрлерін таныстыру. Себебі солар арқылы біздің ұлттық спорт түрлерін бүкіл әлемге таныстыру.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Күй тартылды, ән де шырқалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қандастарымызды сән-салтанатпен қарсы алдық. Қазақы қонақжайлығымыздың көрінісі ретінде ұлттық тағамдарымыз ұсынылды. Көрмеге көне жәдігерлеріміз, әшекей бұйымдарымыз қойылған. Ат терлетіп алыстан келген қандастарымыздың ықыласы ерекше.
Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері қандастарды келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақырды. Енді иісі қазақ жұрты бас қосатын "Отандастар форумы" өтеді.
Әл-Фараби Серіков, Марат Диханбаев