«Отандастар» форумына әлемнің 40 елінен қандастар жиналды
Шет елдердегі қазақ кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес-форум өткізу және меценаттар клубын құру. Бүгін елордада өткен Отандастар форумында осындай ұсыныс айтылды.
Астанадағы алқалы жиынға жырақта жүрген 200-ден астам адам келді. Форум барысында қандастарымыз тілді дамыту, шетелдегі қазақтарды қолдау жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
Жырақта жүрген 200-ден астам қазақтың басын қосқан алқалы жиын. Елорда төрінде өткен «Отандастар» форумына бүгін әлемнің 40 елінен қандастар жиналды. Жиынды ашқан Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының арнайы хатын оқып, атамекенге ат басын бұрған бауырларға ілтипатын білдірді.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар. Ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашан да баса мән береміз.
Келелі кездесуге келгендер шетелде жүрген қазақтарды қолдау бойынша өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын қытай тіліне аударған жазушы Ақбар Мәжит жас дарын иелерінің кітаптарын басып шығаруда қаржылай қолдауды арттыру керектігін жеткізді.
Ақбар Мәжит, жазушы:
- «Отандастар қоры» бастаған тамаша бастама – шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын басып шығару жобасының қаржысын ұлғайту керек сияқты. Сондай-ақ шетелдегі талантты қазақ ақын-жазушыларының мерекелі айтулы күндерін Қазақстанда атап өтіп, оларды мемлекеттік әдеби сыйлықтармен марапаттау қажет деп ойлаймын.
Отандастар форумы 4 түрлі сессияға бөлінген. Әрбірінде қандастарымызды толғандырған өзекті мәселелер қаралады. Қазақстан экономикасын дамыту үшін тәжірибе алмасу да көзделген.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті:
- Бірінші сессияда бұл – ел дамуындағы қандастардың рөлі. Соңғы 30 жылда көшіп келген қандастарымыздың, Қазақстан азаматтарының еліміздің саяси-экономикалық рухани дамуына қосқан үлесін және олардың өздерінің тәжірибесімен бөлісу. Мемлекет тарапынан қандастарымызға көрсетіліп отырған қолдауларды көрсету.
Бүгінде елімізде тарихи отанына ораламын деген жандарға барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Ал шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілген. Бұны «қазақтың грин картасы» деуге де болады. Оның аясында шетелде тұратын этникалық қазақтар өз азаматтығын жоғалтпай, Қазақстанға келіп, 10 жылға дейін тұрақты тұруға ықтиярхат алу мүмкіндігі бар. Сосын Қазақстанда еңбек етіп, өзінің бизнесін дамыта алады.
Сәдия Сүрер, Кёльн қазақ мәдени орталығының төрағасы:
- Біздің бизнес-форумдарымыз жастармен қарым-қатынастарды, байланыстарды нығайту жөнінде болады. Соны талап еткелі тұрмыз. Жастарымыз осы жаққа келгісі келеді. Ол келіп, 1-2 ай тұра алмайды ғой. Сондықтан «Ата жолы» картасы қажет. Мына жақта жұмыс істеп, қалуы үшін.
Риат Шони, тілші:
- Бизнес демекші, «Отандастар» форумында шетелдегі қазақ кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес-форум өткізу және меценаттар клубын құру ұсынысы да айтылды. Яғни, жырақта жүрген қандастар ел экономикасын көтеруге инвестиция тарту мен өзге де қалталы азаматтарды Қазақстанға әкелу үшін көпір іспетті болмақ. Бұл игі бастаманың жүзеге асырылуы енді уақыт еншісінде.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев.