Президент азаматтардың жеке дерегін сақтауды қатаң қадағалауды тапсырды

Президент азаматтардың жеке дерегін сақтауды қатаң қадағалауды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллект саласында түрлі шешімдер жүзеге асырылатынын айтты.

Алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Бұл жерде ақпараттың «ашықтық презумпциясын» басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын. Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс – деді ол Digital Bridge форумында жасаған баяндамасында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шаралардың бәрі жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын стартаптарымыздың Қазақстанда және әлемде сұранысқа ие, мүлде жаңа IT шешімдер жасауына мүмкіндік береді.

Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді. Бұл процесс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр – дейді Президент.

2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын.

Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс. Бұдан бөлек, бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады – деді Мемлекет басшысы.