Қаржы пирамидасының жетекшісі Украинадан экстрадицияланды
Украина Бас прокурорының кеңсесі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «LIDER» қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырды.
Ол 2017-2019 жылдар аралығында бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жалған жобаларға азаматтардың ақшалай салымдарын тартудың заңсыз схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде зардап шеккен 240-тан астам азаматқа 1,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қылмыстарды жасағаннан кейін, ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғандықтан халықаралық іздеу жарияланған.
2023 жылдың тамыз айында күдіктіні Украинаның құқық қорғау органдары ұстады.
Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады. Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды – делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған қылмыстарды жасағаны үшін оған 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.