Елде мәдениет пен туризм TikTok арқылы насихатталуы мүмкін
Қазақстанның мәдениеті мен туристік мүмкіндігі TikTok арқылы жаһандық деңгейде насихатталуы мүмкін.
Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен TikTok компаниясының бас директорының кездесуінде талқыланды. Президент елімізде TikTok платформасы танымал болып келе жатқанын атап өтті. Қазір оған 10 миллионнан астам қазақстандық тіркелген. Әлемге әйгілі сервис, алғашқылардың бірі болып қосымша интерфейсін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ кибер-буллингтің алдын алу мәселелері бойынша уәкілін тағайындады. Өз кезегінде TikTok компаниясының бас директоры Чжоу Шоуцзы Astana Hub халықаралық техно-паркімен бірлесіп, қазақстандық стартаптарға арналған эксклюзивті білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын баяндады. Бұдан бөлек, серіктестік аясында TikTok СТАРТАП Valley байқауы өткізілді. Нәтижесінде 200-ден астам стартап өз өнімін TikTok арқылы жарнамалау әдістерін үйрету курсынан өтті. Кездесу барысында креативті индустрия саласындағы ынтымақтастық, жасанды интеллект бойынша зерттеу жүргізу, электронды сауданы дамыту жайы пысықталды.