Мемлекеттік күзет қызметіне 28 жас іріктелді
Елордада жас азаматтарды Мемлекеттік күзет қызметіне борышын өтеуге шығарып салу рәсімі өтті.
ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскерге шақырылушылар қатарынан денсаулығы мығым және моральдық-психологиялық жай-күйі тұрақты 28 жігіт іріктеуден өтті. Шараға Қорғаныс министрлігінің, елорда әкімдігінің өкілдері, сала ардагерлері, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге бара жатқандардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Динара Сәтжан, блогер:
- Көп ата-ана ұлдарын әскерге жіберуге жүрексінеді. Өйткені перзенті үшін алаңдайды. Алайда өз басым талай әскери бөлімде болып, түсірілім жұмыстарын жүргіздім. Қауіпсіздік жағдайына көз жеткіздім. Иә, оңай емес. Жаттығулары күрделі. Бірақ нағыз жігіттер осындайда шыңдалады.
Әділет Егінбаев, Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылушы:
- ЖОО бітіріп, элиталық әскери қызметке борышымды өтеуге бара жатырмын. Өзімнің бала кездегі арманым. Әкемнің жолын қуып, арманын жүзеге асырсам деген ойдамын.