Жезқазғанда ойын алаңдарының құрылысы кешігіп жатыр

Биыл Жезқазғанда 80 балалар ойын алаңы ашылуға тиіс еді.

Алайда жауапты 4 мердігердің 2-еуі жұмысты кешіктіріп жатыр. Тұрғындар алаңдардың құрылысы созылып кете ме деп алаңдайды,

Жезқазған қаласы бойынша 100-ден астам аулаға ойын алаңы қажет. Биыл соның 80-іне алаңқай орнату жоспарға енген болатын. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мердігерлер ескі алаңдарды ерте көктемде бұзып тастады.    

Ярослав Гончаренко, оқушы:

- Мен Сәтбаев көшесінде тұрамын. Көктемде ойнап жүрген ескі ойын алаңды бұзып, орнына бетон құйып кетті. Бірнеше ай үзілістен соң бетіне жамылғы төседі. Қазір ол жерде ешқандай ойын элементтері жоқ. Сондықтан қаланың орталығына барып ойнауға мәжбүрмін.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Бұл ойын алаңының құрылысы мамыр айында басталған. Айналасы бір айдың көлемінде аяқталатын жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Жалпы жоспарланған 80 алаңның бүгінге дейін небәрі 30%-і ғана орнатылды.

Белсенділер мен ата-аналардың шағымынан соң ойын алаңдарын орнату жұмыстары қайта басталды. Бірақ ала жаздай аяқталмаған жұмыстардың қар түскенше бітеріне тұрғындар күмәнмен қарайды. Мердігерлер алдағы 2 аптада бітіреміз деп міндеттеме алған. Ал тапсырыс беруші тарап жауапсыз мердігерлерге қатаң шара қолданамыз деді.

Асан Үсенұлы, мердігер ұйым өкілі:

- Біз 38 ойын алаңын орнату туралы келісімшарт жасасқанбыз. Бүгінге дейін оның алтауын аяқтадық. Қалғанын қазан айының соңына дейін орнатамыз деп жоспарлап отырмыз.

Аслан Арынов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 31 шілде айында аяқтауы тиіс еді келісімшарт бойынша. Алайда жұмыстарын уақытында аяқтамай, қазіргі таңда сотқа талап-арыз жолданған. Біз оларды жозықсыз мердігерлер тізіміне енгізіп, уақытында орындамағыны үшін өсімпұлдар қолданатын боламыз.

Мердігерлер жұмыстың осынша созылып кетуін құрылыс материалдарының тапшылығымен байланыстырады. Қалай дегенмен келісім жасалған соң орындау – міндет. Сондықтан күн райын беріп тұрғанда аяқтауға күш саламыз дейді. Егер осы мерзімде уәде орындалмаса тапсырыс берушілер келісімшартты үзуге дайын. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.