700-ден астам атыраулық алимент төлеуден жалтарып жүр
Олардың балалары алдындағы қарызы 1 млрд теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Берешегін төлемей жүргендердің көбі жұмыссыз екенін сылтауратса, кейбірі тиісті органдарға дұрыс ақпарат бермей, әуреге салған. Сондықтан прокурорлар жеке сот орындаушылармен бірігіп рейд ұйымдастырып, алимент төлеуден қашып жүргендердің үйін аралауға кірісті. Нәтижесінде қазір 5 млн теңгеге жуық алимент өндірілген.
Ал жыл басынан бері баласының алдындағы қарызын өтемеген 689 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 150-ге жуығына айыппұл салынса, 400-ден астамы әкімшілік қамауға алынған. Қалғаны сот шешімін күтіп жүр.
Мәди Жұмабаев, қалалық прокуратураның бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Мүлдем ақша төлемеген жағдайда, борышкер өзінің алиментін соттың шешімімен берешекті төлемеген жағдайда, ұсынылған жұмысқа бармаған жағдайда, яғни қаскөйлік танытып, берешегін өтемеген жағдайда жеке сот орындаушының ұсынысы негізінде әділет органдарымен немесе прокуратурамен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.