БҚО-да балық шаруашылығы қайта жанданды
Батыс Қазақстан облысында су тапшылығын тұралатқан тауарлы балық шаруашылығы биыл қайта жандана бастады.
Кеуіп қалған өзен-көлдердің арнасы толды. Шаруалар жалға алған су айдындарына шабақ жіберіп жатыр. Олар тиісті мекемеден каналдардың суын құрғатпауды сұрап отыр. Әйтпесе шаруашылық тағы да құрдымға кете ме деп алаңдайды.
Қажымұқан Борашев балық өсіруді 6 жыл бұрын бастаған. Алғашында жылына 30-40 тонна өнім алған екен. Әр балықтың салмағы 5 келіге дейін жеткен. Кейін су тапшылығы болып, шаруа шаш-етектен шығынға батты. Жалға берілген көлде бір тамшы су қалмаған. Гидрологиялық жағдай биыл ғана оңала бастады. Фермер енді тағы тәуекел етіп, кәсібін жалғастырып жатыр. Өз қаражатына 80 мың тұқы шабағын сатып алған.
Қажымұқан Борашев, шаруа:
- Атам қазақ айтады ғой, «жығылған күреске тоймайды» деп. Соны енді қайтадан бастап жатырмыз. Көлді жалға алғаннан кейін, сенің мойныңда болғаннан кейін жауапкершілік болу керек деп ойлаймын. Келесі жылы мына балықтар 1 келіге жетсе, тауарлы балық болып есептеледі.
Шабақтарды бірден көлге жіберсе, бәрі жыртқыш балықтардың жемтігіне айналары анық. Сондықтан шаруа оларды алдымен екі бірдей жасанды су қоймасында өсіріп отыр. Жұмысшылар шабақтарды күніне екі мезгіл қоректендіреді.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Ал бұл табиғи көл. Жергілікті жұртшылық Қоғалы деп атайды екен. Жасанды гидросынаннан жиналған шабақтарды осында алып келіп, жібереді. Бұл шабақтардың салмағы 250-300 грамм шамасында.
Балық келер жылдан бастап ауланады. Ал оған дейін көл тағы да таязданып қала ма деп уайымдайды шаруа. Сондықтан су шаруашылығын қадағалаушы кәсіпорыннан каналдардың ағысын қыс бойы үзбеуді сұрап отыр.
Қажымұқан Борашев, шаруа:
- Жаз айларында ыстық болуына байланысты едәуір суымыз кеміп қалып отыр тағы. Енді азын-жоғын әлі де су болса. Біз балық шаруашылығымен айналысқасын су молдау болғаны жақсы ғой. Бар уақытында суды алып қалу керек. Бізге керегі су. Басқа ештеңе сұрап жатқан жоқпыз.
Облыста тауарлы балық шаруашылығымен 26 кәсіпкер айналысып жатыр. Су айдындары трансшекаралық өзендер арқылы толады. Биыл Ресейден Қараөзен мен Сарыөзен арқылы 147 млн текше метр су алуға келісім жасалған. Қазір соның 80 пайызы алынды. Сала мамандары Пятимар су қоймасына жиналған тіршілік нәрін қыс бойы каналдарға жіберу көзделгенін айтты.
Рауан Құсайынов "Қазсушар" РМК облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы:
- Біздер суды жауып тастамаймыз. Қыс бойы сол Сәңкібай каналындағы проточностты қамтамасыз етіп тұрамыз. Судың ағыны болады. Минимум 0,5 куб секунд беріп тұрамыз. Біржақты механикалық тазарту жұмыстарын өткізген болатынбыз. 4 ғимарат өткізілді ағымдағы жөндеуден. Енді әрі қарай қаржыландыруға байланысты біртіндеп каналдың бойындағы ғимараттарды жөндеп және тазарту жұмыстарын жалғастыратын боламыз.
Балық инспекциясы басқармасының мәліметінше, биыл алғашқы жартыжылдықта өңір бойынша бизнес субъектілері көлдерге 255 мыңнан астам тұқы шабағын жіберген. Асылтұқымды балық түрлерін өсіруді дамыту үшін бюджет есебінен 32 млн теңге демеу-қаржы бөлінді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов