«Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында қалай жүзеге асып жатыр?
«Ауыл аманаты» атаулы әлеуметтік көмектің орнын баса ала ма? Жетісайлық тұрғындар мемлекеттен берілетін көмектен гөрі 2,5%-тік несие алуға ниетті.
Ауданда аталған жобаға 4 ауыл кірген. Қарапайым тұрғындардың тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін жоба өңірде қалай іске асып жатыр?
Ералиев ауылдық округінде тұратын шаруа Асрор Қамбаров екі бірдей жылыжай салды. «Ауыл аманаты» бағдарламасынан бөлінген 5 млн теңгеге қияр егіп, өнімін базарға шығарған. Бұған дейін жұмыссыз болған соң әлеуметтік көмек алып келгенін айтады. Ең бастысы, «отбасымызбен жұмыспен қамтылдық», - дейді шаруа.
Асрор Қамбаров, шаруа:
- Бір жыл бойы құймайсың. Екінші тиімділігі, 6 ай сайын кварталмен төлейсің. Басқа банктер 20% сұрайды. Ол бес жылда бірге бір қосылып кетеді. Ал бұл – 2,5% өте тиімді.
Ал Қазыбек би ауылының тұрғыны Марат Бекетаев 10 жылдан бері жиһаз құрастырумен айналысады. Бұл кәсіпті туыстарына жиһаздар жасап жүріп үйренген. Осы уақытқа дейін өзге кәсіпкердің цехында жұмыс істеген шебер енді өзінің жеке шеберханасын ашты. «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырып, жеңілдетілген пайызбен 7 млн теңге алды. Қазір өзі сияқты 3 ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.
Марат Бекетаев, Қазыбек би ауылының тұрғыны:
- Осы уақытқа дейін тірлік жасау үшін бізде құрал жабдықтар болмады онша. Жеңіл-желпі істеп жүрген тұғынбыз. Өкіметтің көмегімен, беріп жатқан қаржысымен станоктар алдық. Тапсырысымыз да көбейді, табысымыз да көбейді.
Ауыл тұрғындары аталған бағдарламамен қаражатқа қол жеткізу аса қиындық туғызбағанын айтады. Қажетті құжаттардың басым көпшілігін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алса, қалғанын жергілікті әкімдіктегілер түгендеп берген. Қазір жетісайлық 292 отбасыдан 6 бағыт бойынша жобалар ұсынылып, комиссия қарауында жатыр.
Серік Пірімбеков, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
- 4 ауылдық округ бойынша 292 кәсіпкерлерден жоба ұсынылып, бүгінгі таңда 159-ы нақты қаржыландырылды. Одан кейін мынау 21 мен 35 жас аралығындағы жастарды несиелендіру бағыты бойынша да 2,5 пайыздық несие жүріп жатыр.
Аталған жобаға аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар да қатысып, қаржы алып жатыр. Қазір 23 отбасы мемлекеттен берілетін көмектен бас тартқан. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Түркістан облысына 20 млрд теңге бөлініп отыр. Оған өңірдегі 64 ауылдық округ қатысып, 3,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.