Елімізде қатерлі ісік жасарып барады
Қазан айы сүт безі қатерлі ісігімен күресу кезеңі саналады.
Әдетте бұл уақытта онкологиялық орталықтарда ашық есік күндері өткізіледі. Кез келген әйел маммологтан тегін кеңес ала алады. Былтыр 808 мыңнан астам қыз-келіншек тексеруден өтіп, 250 мыңынан түрлі патология анықталды. Өкінішке қарай, бұл 2021 жылғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 24% көп. Ал биыл алғашқы 6 ай ішінде 1,5 млн қазақстандық скринингтік тексеруден өткен.
Өткен жылы омырау тұсы қайта-қайта шаншып, ауырсынуды сезген елордалық Жанат Тұрғынбаева биыл жыл басында маммолог дәрігерге барып қаралған. Скринингтен өткен соң сүт безінде қатерлі ісік бары анықталды. Портал арқылы кезекке тұрып, Ұлттық ғылыми онкология орталығында тегін операция жасатты.
Жанат Тұрғынбаева, қала тұрғыны:
- Ота сәтті өтті. Бірақ мамандарға кеш барғандықтан, метостаза сүйекке таралған. Маған қиыны сол метостаза болып тұр. Өйткені аяқ, бел, сүйектерім, қабырғаларым ауырады. Сүйекке түссе, солай екен.
Қазір Жанат Тұрғынбаева операциядан кейінгі ем-домын қабылдап, химия терапиясынан өтіп жүр. Бір айта кетерлігі, скринингтен бастап, оңалту шараларына дейінгі барлық медициналық көмек ақысыз негізде ұсынылды.
Жанат Тұрғынбаева, қала тұрғыны:
- Мен қалалық онкологиялық ауруханаға тіркелдім. Қазір ай сайын ем алып жүрмін ол жерде. Барлық емнің дәрілері ақысыз. Үкіметке ол үшін мың да бір рақмет. Бір уколдың құны 265 мың теңге тұрады.
Жалпы ел бойынша сүт безі патологиясын анықтаудың жоғары деңгейі Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Шымкент және Түркістан облыстарында, ал ең төмен көрсеткіш Ақмола өңірінде байқалады. Науқастардың 38%-і немесе 95 660 әйел диспансерлік есепке алынды.
Мадина Шапатова, онколог-дәрігер:
- Бұл аурудың өте көп себебі бар. Ең бастысы – стрестік жағдай. Тұқым қуалаушылық. Гармоналдық бұзылыс кезінде болуы мүмкін. Жас келіншектерден, тіпті қыз балалардан да шығып жатады. Менің тәжірибемде 2000 жылы туған қыз балада болды.
18 жасқа дейінгі балалар жыл сайын профилактикалық тексеруден өтеді. Ал 30 жастан 70 жасқа дейінгі ересектер қан жүйесінің аурулары, глаукома, қант диабеті, гепатит, жатыр мойны обыры, коларектальды обыр, сондай-ақ сүт безі обыры бойынша тексеруден өтіп тұрады. Биыл скринингтен тағы 3,5 млн адам өтуі керек. Қазіргі таңда бұл жоспар тек жартылай орындалды. Өкінішке қарай, жаман ауруды ерте анықтау қазақстандық дәрігерлерге оңай болмай отыр. Әдістерді жаңарту керек, - дейді мамандар.
Лейла Ішбаева, MMG компаниялары тобының жетекшісі:
- Скрининг ауруды асқындырып алмау үшін қажет. Қазақстанда қолданылатын әдістер жеткіліксіз. Сондықтан міндетті скринингтерді азайтып, саннан сапаға мән беру керек.
Денсаулық сақтау министрлігі скрининг жүйесін жаңғыртудың кешенді жоспарын әзірлеп қойды. Өңірлердегі онкологиялық орталықтарды, ондағы құрылғыларды жаңарту көзделіп отыр. Мамандарды оқыту жобасы тағы бар. Бұл мақсаттарға шамамен жарты млрд теңге бөлу қарастырылған.
Вячеслав Дудник, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Қандай тың өзгеріс болуы мүмкін деп сұрасаңыз, қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіші жоғарылайды. Мәселен, қазір шамамен 30% болса, алдағы уақытта 35%-ке дейін өсіру көзделген.
Жаңа жоспар келер жылы қолға алынады. Қазақстандықтар ірі қалаларға бармай-ақ, өңірлерде ем қабылдай алады. Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасындағы обырды емдеуге де басымдық беріп отыр.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Жалпы ұлттық скрининг бағдарламасы бойынша былтыр 12 млн 788 мың 570 азаматқа медициналық тексерулер жүргізілді. Осылайша, халықтың мақсатты топтарының 95% қамтылып, 541 398 ауру анықталды. 354 мың 284 адам диспансерлік есепке алынды.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев, Ақылбек Есімсейітов.