БҚО кәсіпкері шаян экспорттайды
Шаруаның ыңғайын білсең, шаян өсіріп те көл-көсір табысқа кенелуге болады.
Батысқазақстандық Әлібек Сартаев елімізде алғаш боп шетелге шаян шығаруды жолға қойған. Былтыр үздік экспорттық тауарға берілетін брендке ие болып, «Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауын жеңіп алған. Енді ол кәсібін кеңейтпекші.
Жалпақталдық Әлібек Сартаев өңірдегі 12 су қоймасын жалға алып отыр. Табиғат пайдаланушы ретінде осы өзен-көлдердегі тіршілік иелерін көбейтіп аулайды. Бастапқыда балық өсірсе, кейінгі жылдары шаянға ден қойған. Айырқұйрықтыларды аулап, экспортқа шығарады.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Шаяндарды өзен-көлдерден аулағаннан кейін оларды облыс орталығына мына бассейнге жеткізеді. Осы жерде оларды бірнеше күн бойы әбден шайып тазалайды. Себебі олардың желбезектері балшыққа толып қалады екен. Егер олай тазаламаса, тыныс алу процесі қиындап, бірнеше күнде әлсіреп, тіпті өліп те қалуы ықтимал.
Ал тазалап, тоңазытқышта салқындатқан шаян сусыз бір аптаға шыдайды. Рефрижератормен тұтынушыға дейін тірі жетеді. Ресейде шаянға сұраныс жоғары. Ірілері қымбатқа бағаланады. Сол себепті салмағына қарай сұрыпталады.
Баубек Әбілқайыров, шаян сұрыптаушы:
- 40-тан 60-қа дейін бір бөлек бөлінеді. 60-тан 80-ге дейін, 80-нен жоғары қарата бөлек бөлінеді. Кішкентайлары су қоймасына өсіруге кері жіберіледі. Өсіріп, қайтадан ауланады. Жылына 2 рет түлейді, сол кезде 2 см-ден жылына 4 см-ге өседі.
Шаян тұщы суда ғана тіршілік етеді. Егер су құрамы өзгерсе, онда айырқұйрықтылар бірден ағыстың жоғарғы жағына көшіп кетуге тырысады. Сондай-ақ қысқаш-қолы түбінен сынып қалса да, түлегенде қайта өседі. Ал етінің иммунитет көтеруге пайдасы зор. Шаянның біз білмейтін осындай ерекшеліктері туралы кәсіпкер Әлібек Сартаев сағаттап айтуға бар.
Әлібек Сартаев, кәсіпкер:
- Өзіміз тоған шаруашылығымызда арнайы жемдері бар, комбикормдары бар. Арнайы құятын өсімдіктері бар, оны да алдыртып отырамыз. Соларды салып, соларды құйып, ветеринарларымыз бар реттеп жүрген. Су айдындарының бәрін оттегісін қарайды. Оттегіге байланысты. Оттегі төмендеп кететін болса, оларға өмір сүру нашарлайтын болса, салмақ бермей қалады. Сол себептен де оттегісі де толық жеткілікті болу керек.
Кәсіпкер жалға алған су қоймаларынан жылына 50 тоннадай шаян аулап, шетелге экспорттайды. Одан да көбейтуге болар еді. Бірақ артық лимит берілмейді. Лимит сол популяцияның 10-20% белгіленеді. Шабақ күйінде тоғанға салып көбейтуге елімізде шаян өсірудің биологиялық негіздемесі жоқ.
Әлібек Сартаев, кәсіпкер:
- Жалпы мемлекеттік бағдарлама бойынша карп, ақ амур, дөңқабақ деген сияқты балықтарға бағдарлама болып жатыр. Ал дәл осы шаян өсіруге бағдарлама болған жоқ. Сол себепті біздер сұрап жатырмыз су айдындарының методикасын жасап, шаяндарға байланысты сондай бір арнайы балық емес, шаян бағытында өсіретін де, бағасын жасап беретін болса, биологиялық негіздемесі бар, соның бәрін жасап беретін болса, толық мүмкіндігіміз бар жоспар көлемін көтеруге.
Қазір облыстық табиғи ресурстар басқармасы табиғат пайдаланушының сұрауы бойынша шаян өсірудің ғылыми әдістемесін әзірлеуге кірісті. Қажетті құжат қолға тисе, шаян шаруашылығын дамытамын, - дейді кәсіпкер.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.