Қызылордалық гидротехник суды есепке алу технологиясын енгізуді ұсынып отыр

Қызылордалық гидротехниктер егіс алқаптарын суаруды автоматтандыруды ұсынып отыр.

Су шаруашылығы саласында 41 жыл еңбек еткен Әлияр Сейітов тіршілік нәрін есепке алу технологиясын енгізбей үнемдеуге көше алмаймыз, дейді. Алайда гидромамандардың кеңесін ескермеген шаруалар егінді жоспардан артық егіп қояды. Соңында егістігіне су жеткізе алмай шығынға шаш етектен батады. Кәнігі сушы ғылым мен егіншілікті ұштастыру тетіктерін жетілдірген жөн дейді.

Сушы болған атасы мен әкесінің жолын жалғаған Әлияр Сейітов егіс алқаптарын тегістеу мен суаруды жоспарлау шараларын арнайы маман атқару керек дейді. Гидротехник күріш алқаптарындағы арық-атыздар уақытылы тазаланбағандықтан орынсыз ысырап көп екендігін айтады. Мәселен сол жағалау арнасы арқылы 9 ауылдық округтің 5 мың гектардай егістігі суарылады. Гидроқұрылғыларды мемлекет жөндеп бергенімен шаруашылықтар ішкі су жолдарына жіті мән бермейтін көрінеді.

Әлияр Сейітов, су шаруашылығының үздігі:

- Су үнемделсе біраз нәрсеге жетеді. Салаға жаңа технология енгізуіміз керек. Шаруашылықтарда көп жылдан бері каналдар қазылмаған, шлюздерде тоспа жоқ. Коллектор қазылмаған. Осының бәрі суға әсер етеді. 1-ден суда фильтрация көбейеді, 2-ден жердің бәрі тұзданады сіңгеннен кейін. Сондықтан болашақта шаруашылықтардың ішкі канал, коллектор, су тоспаларын қалыпқа келтіретін бағытта жұмыс істеуіміз керек.

Облыс бойынша озат гидротехник атанған Әлияр Сейітовтың пікірімен салалық әріптесі, ғалым Серікбай Өмірзақов толықтай келіседі. Сушы мамандар даярлаумен айналысатын профессор су шаруашылығына қатаң тәртіп орнататын кез келді деп санайды. 

Серікбай Өмірзақов, техника ғылымдарының докторы, профессор:

- Кім көрінгенді күріш егуге жібермеу керек. Себебі олардың мамандары жоқ. Тіптен кейбір шаруашылықтарда суды есептейтін, суды басқаратын инженер гидротехниктар жоқ. Міндетті түрде күріш егеді ма сондай мамандар болу керек деген тендердегі шарттар сияқты күріш егуге де қатаң талаптарды енгізсек.

Өмірін жер анаға нәр беруге арнаған мұрап Әлияр Сейітов өз аумағына қарасты бекеттер маңын гүлзарға айналдыруды дағдыға айналдырған. Тіпті алма бағын жайқалтып, өнімін ардагерлерге тегін таратып жүр. Тіршілік нәрін халыққа тиімді әрі жүйелі үлестіру арқылы еңбектің шамын жаққан сушы зейнетке шықса да саланы ретке келтіруге әлі де атсалыса бермек.

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев