Өскеменде трамвайлар жолға шығады
Өскеменде екі апталық үзілістен соң трамвайлар қайта шығатын болды.
Осы уақыт аралығында рельстер мен байланыс желілері жөнделді. Қоғамдық көліктің бұл түрі қазір екі-ақ қалада бар. Өскемендік трамвай паркі біраз жыл жекеменшіктің иелігінде болған әрі әбден тозған еді. Осыдан 4 жыл бұрын мемлекеттік балансқа қайтарылып, біртіндеп жөнделе бастады. Қайта жаңғырту жұмыстарына 1,5 миллард теңге бөлінетін болды. Былтырдан бері соның 800 миллион теңге игерілді. Трамвай жолының Үлбі көпірінен түсетін ең қауіпті тұсын жөндеу жұмыстары жақында аяқталады.
Михаил Чайка, трамвай паркінің директоры:
- Бұл жөндеу жұмыстары ең алдымен қауіпісіздік үшін керек. Аталған аумақта үнемі апат болатын. Барлығы ескірген рельстерге байланысты. Осы күнге дейін жай ғана жамап-жасқап келген едік. Бірақ ол ұзаққа бармайтын. Сондықтан толықтай ауыстыруды жөн көрдік.