Мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығына бір тәулікте 400-ден аса қоңырау түсті

Кеше ғана іске қосылған отбасы, әйелдер және балаларға арналған «111-AMANAT» мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығына бір тәулікте 400-ден аса қоңырау түсті.

Мамандардың айтуынша, көпшілік психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмекке мұқтаж. Кеңес алушылар қатары арта түседі. Сол себепті колл-операторларды көбейту көзделеді.

Елде күн сайын 6 балаға қарсы қылмыс жасалады. 342 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болады. Жыл сайынғы статистика бұл. Мамандар әйелдер мен балалардың іштен тынбай, көрген қорлығын ашық не анонимді түрде жариялай бастағанын айтады. Ал мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығы оқиғаларды дер кезінде тіркеп, шешімін табуға септеседі.

Динара Зәкиева, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Байланыс орталығы мемлекеттік органдармен, акиматтармен, ІІМ, ПД және балалар жөніндегі уәкіл институтымен тікелей жұмыс жасайтын болады. Барлық операторға қоңырау шалу тегін.

Байланыс орталығы іске қосылған алғашқы тәулікте 400-ден аса қоңырау түскен. Көбінде отбасылық жанжал жайы көтеріледі.

Гүлсім Жиенова, «111-AMANAT» байланыс орталығының жетекшісі:

- Мамандарымыз қоңырау шалушымен сөйлеседі. Толық ақпарат алу үшін сұрақтар қойып отырады. Себебі ойын дұрыс жеткізе алатындар аз. Осы жауаптар негізінде қажетті мемлекеттік органға шығып, мәселенің шешімін табуға тырысады. Келіп түскен өтінішке кейде бір сағат ішінде жауап табылады, күрделі болса, бірнеше тәулікке ұласады. Бірақ, қоңырау шалушымен біз ұдайы байланыста боламыз.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг енді бір ғана жанұяның мәселесі емес. Зардап шегушілер жан айқайын арнайы колл орталық арқылы жеткізе алады. Ең бастысы бұған тегін психологиялық және құқықтық кеңес беріледі. Егер сіз де осындай жағдайдың құрбаны болсаңыз 111 нөміріне хабарласа аласыз. Мамандар тәулік бойы жұмыс істейді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен