Шымкенттегі автобус жүргізушісіне сот үкімі шықты
Шымкентте бес адамның өліміне себепші болған автобус жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында күдіктінің кінәсі толық дәлелденді. Ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 5 жылға сотталды. Сот жаза тағайындауда жәбірленушілердің кешірімі мен бұрын сотты болмағанын, кәмілетке толмаған баласы барын ескеріп, осындай үкім шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында жүргізушісі жоқ автобус 6 адамды қағып кеткен болатын. Салдарынан 5 адам көз жұмып, 1 адам жарақат алды. Ал автобусты қараусыз қалдырған 49 жастағы жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Сондай-ақ тасымалдаушы компания тарапы жәбірленушілерге 5 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетті.
Жанат Мүсірәлі, қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:
- Тағайындалған жазаны өтеу қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде өтеу белгіленді. Азаматтық талапкер Сейдалиеваның талап-арызы өзінің нақтылауы бойынша барлығы 2 миллион теңге материалдық және моральдік залал өндірілді.