Қарағандыдағы зообақ жаңа ғимаратқа көшті

Қарағандының хайуанаттар бағы жаңа ғимаратқа көшті. 

Құрылысы жеті жыл бойы жүрген үш қабатты нысан зообақтың мерейтойына орай тапсырылды.  85 жыл бұрын зоологиялық көрме негізінде құрылған бақ біраздан бері жөндеу көрмеген еді.

Мерей Минуарбекұлы жаңа кейіпке енген хайуанаттар бағын тамашалауға Балқаш қаласынан арнайы келген. Жаңа ғимарат аң-құс  үшін қолайлы салынған - дейді ол.   

Мерей Минуарбекұлы, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Балаларға да өзімізге де қызықты анда-санда келіп, уақыт бөліп қараған кезде. Маймылдар мен арыстандарды көрдік. Қазір енді 2, 3 - қабат бар дейді. Сол жақты да көрейік деп келгенбіз негізінде. Бұрын кішкене ескілеу болды енді. Ішінде жаман иістер болды. Қазір ондай жоқ, бәрі жақсы. 

Бірнеше шетелдік және Алматы хайуанаттар бағымен келіссөз жүргізіліп, біраз аң түрі жеткізілген. Алда тағы бизон мен зебра және альпака сынды сирек кездесетін хайуанаттарды алдыру жоспары бар. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Зообаққа жақында жеткізілген хайуандардың ішінде келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып отырғандардың бірі ол мына Мангобей маймылы. Маймылтұқымдастар ішінде бұл ерекше досқа құмар, өзінің мимикасымен көңіл-күйін жақсы жеткізетіндердің бірі. Бізде құр қол келмей, кәмпит-тәттілер алып келгенбіз, оны қуана қабылдайтын сияқты. 

3 мың шаршы метрге бой көтерген ғимараттың бірінші және екінші қабаты хайуанаттарға арналса, үшінші қабаты ғылыми орталық болады. Бұған дейін контейнерде болған әкімшілік бөлімге де ыңғайлы орын бұйырған. Бастысы бұрын күн суытса бүрсеңдеп тұратын кей жануарлар енді жылы әрі жарық жерде күн кешетін болды.   

Айтбек Намазбаев, хайуанаттар бағының ветеринары:

- Бұл жаққа біз маймалдар мен приматтарды көшірдік. Гипетология бөлімі көшті. Құстар бөлімі көшті. Жыртқыш аңдардың көбі далада. Ішінде өмір сүретін аңдарға да оны күтетін күтуші жұмыскерлерге де ыңғайлы жағдай жасалған.

Қазір Қарағанды хайуанаттар бағының коллекциясында  хайуанаттың 180 түрі бар. Оның 70%-ы қызыл кітапқа енгізілген.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар