Ә.Жұбанов: Ең төменгі зейнетақы мөлшерін арттыру керек

Базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі жалақыға теңестіру керек.

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов бүгін осындай ұсыныс айтты. Оның сөзінше, жыл сайын әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандар көбейіп жатыр. Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 58 мың теңгеге де жетпейді. Сол себепті зейнетақы жүйесін жаңғырту маңызды дейді депутат. Әділ Жұбанов әлемнің кейбір елдерінде ең төменгі зейнетақы белгіленген мөлшерден төмен болса, мұндай қарттарға әлеуметтік үстемақы төлеу тәжірибесі барын айтты. Ол өз сөзінде, мемлекет басшысының ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп арттыруды тапсырғанын еске салды. Келесі жылы оны 85 мың теңгеге жеткізу керек. 

Әділ Жұбанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкімет ендігі уақытта Қазақстанның әрбір азаматының лайықты қарттығын қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс. Сондықтан жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерлемесімен теңестіруді ұсынамын.