Маңғыстау облысында «Батыл тойтарыс-2023» жаттығуы аяқталды
Маңғыстау облысында «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тактикалық жиынға құрлық әскерлері, әуе қорғанысы және әскери теңіз күштерінің техникалары тартылды. Дәстүрлі шараға биыл Жаңаөзеннен 78 азамат арнайы шақырту алды. Барлығы бұрын әскерде болған. Жаттығу бағдарламасына сәйкес жауынгерлер Құрық портын басып алмақшы болған жауға тойтарыс берді.
Жүрдек көлік тізгіндеген қарулы топ Құрық портына баса-көктеп кірмекші болды. Дабыл қағылып, окопқа бекінген сарбаздар шабуылдаушы тарапқа оқ жаудырды. Бұрын әскерде болған жігіттердің соғыс тәсілдерін ұмытпағаны көрініп-ақ тұр. Шайқас алаңына тікұшақпен жеткен арнайы жасақ тірі қалған қарсыласты тұтқындауға кірісті.
Мұхамед Доқтырбаев, қатардағы жауынгер:
- Орал қаласында Жәңгірханов атындағы университте әскери кафедрасын бітіргенмін 2021 жылы. Ақтөбе қаласындағы полигонда болдық. Қаруды ең бірінші рет сол жерде ұстадым. Ер жігіт дайын болуы керек бүкіл нәрсеге. Елімізді қорғау үшін бәріне барамыз.
Броньды жүрдек катер десанты да шұғыл көмекке келіп, порт аумағын жаудан толық тазартты.
Ғалым Андалиев, Маңғыстау облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы:
- Теңіз жағынан, құрлықтан болып жатқан шабуылдарды, яғни Құрық портына жасалған шабуылға тойтарыс жасау эпизодын көрдіңіздер. Барлығы да ойдағыдай өткізіліп жатыр. Ұрыс қимылдарына біздің әскери міндеттілеріміз дайын екендерін көрсетті. Бұған дейін өздері әскер қатарында жүргенде алған дағдыларын қазір қайта жетілдіру мақсатында болып жатқан жағдай.
Әскери міндетті азаматтар аумақтық қорғаныс жауынгерлері болып есептеледі. Соғыс жағдайында олар стратегиялық нысандарды күзетеді. Сарбаздар 3 мезгіл ыстық тамақ, жататын орынмен қамтылды. Жиын соңында оларды өңір басшылығы марапаттады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев