ТЖМ: Шахтадағы өртті сөндіру 1 жылға дейін созылуы мүмкін
«Қазақстан» шахтасындағы өртті сөндіру бір жылға дейін созылуы мүмкін.
Бұл жөнінде бүгін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты. Ведомство басшысы «Шахталардағы өртті сөндіру – ерекше процесс, ол үшін оттегін жіберуді де шектеу қажет. Тағы шахтада арнайы маңдайшаларды да орнатуды талап етеді. Олар тиісті гипс қоспасынан жасалады. Бұл да біраз уақытты талап етеді», - дейді.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан» шахтасындағы өрт тамыздың 17-сі күні шыққан еді. Оқыс оқиға болған кезде жер астында 227 адам болған. Соның 222-сі аман-есен құтқарылған. 5 кенші оқиға орнында қаза тапты. Арнайы тергеу жүргізген Үкіметтік комиссия өртке 100% жұмыс берушінің өзі кінәлі деген қорытынды шығарды.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Шахталарға орнатылатын арнайы маңдайшалардың қалыңдығы 1 метрден 3 метрге дейін жетеді. Олар адамды жарылыстан да аман алып қалуы тиіс. Қазір шахтада осында 25 маңдайша орнатылды. Дегенмен соның біреуінде қазір жоғары температура мен газдың шектік нормадан асуы анықталды. Сондықтан құтқарушылар газ деңгейінің төмендегенін күтіп отыр.