Астанада өрт сөндіруші Асқар Забикулинге ескерткіш ашылды
Ер есімі - ел есінде.
Былтыр қызметтік міндетін орындау кезінде өзгелердің өмірін құтқару үшін отқа түсіп, жанкештілік көрсеткен елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулинге бүгін ескерткіш қойылды. Құтқарушылар күніне орайластырылған шараға марқұмның туыстарымен бірге Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов және қала әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.
Былтыр 16 қарашада Астанада көпқабатты үйлердің бірінде өрт шығып, адамдарды құтқару кезінде Асқар Забикулин алған күйіктерінің салдарынан 20 қараша күні ауруханада көз жұмған еді. Қайтыс болғаннан кейін I дәрежелі "Айбын" орденімен, "Жыл Батыры" номинациясы бойынша "Алтын Адам" сыйлығымен марапатталды. Бүгін ескерткішінің ашылуына келген қауым батырды бір минут үнсіздікпен еске салып, гүл шоқтарын қойды.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Біздің жастар, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар одан үлгі алып, патриоттық сезімі оянып, өз қызметін жоғары деңгейде істейтініне сенімдімін.
Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
- Асқар батылдықпен, өжеттілікпен өз ісіне адалдықты көрсеткен шын патриот. Адамдар өмірін құтқарамын деп, отқа түскен бүгінгі күннің батыры. Асқар Забикулин есімі мәңгі біздің жадымызда, жүрегімізде болады. Батырлардың ардақты есімі еш уақытта ұмытылмайды.
Ескерткіш Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынды, тұғырды тұрғызуға 1,5 ай уақыт жұмсалды.
Айдос Бүркітбаев, мүсінші:
- Соңғы өрттен құтқарған кезіндегі бейнесін бейнеледік. Бір өзі дем алып, қолына шлемін алып, қазақ даласына қарап тұрған, болашақ жастарға үлгі көрсетіп тұрған бейнесін бейнеледік.
Астындағы гранит тастардың өзі марқұмның "Асқар" есіміне сай, тау шыңындағы кескінмен бедерленген.
Елдар Забикулин, Асқар Забикулиннің туған ағасы:
- Институтқа түсуді армандады мектеп кезінде. Ол арманы орындалып КТИ-ға түсті. Мектепте де бүкіл жарысқа қатысып, көшбасшы болатын. Бірінші тұратын сапта. Облыс пен аудан бойынша бірінші орында болатын. Арманы орындалды, Астанаға келіп, жұмысқа орналасты. Осында да бүкіл шараларда сапта бірінші тұратын. Алланың ісі ғой бәрі.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Асқар Забикулиннің атында көше де бар. Ескерткіш тақтасы ашылып, мурал салынып, тіпті кино да түсірілді. Енді міне өзі еңбек еткен номері 6-шы мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне есімі беріліп, еңселі ескерткіші бой көтерді. Бейбіт күннің батырлары қашан да, қандай да болмасын кез келген марапатқа, құрметке лайық. Бірақ жора-жолдастары, туыстары, отбасы үшін бұл орыны толмас қайғы.
Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев