Қауіпке қарсы тұрған құтқару қызметі

Республикалық жедел-құтқару жасағы туралы білесіз бе? 

Ауыр жол-көлік оқиғасына түскендерді темір құрсаудан шығарып, тау шыңында адасқандарды іздеп тауып жүрген осы жедел-құтқару жасағының жігіттері. Табиғи апат кезінде шет мемлекеттерге де қол ұшын беріп тұрады.

Биыл алматылық құтқарушылар Түркия мен Ауғанстандағы зілзала салдарын жоюға көмектесті. Өздері де қауіппен бетпе-бет келеді. Соған қарамастан қызметтеріне адал.

Алматылық Ерік Берлібековтың Республикалық жедел-құтқару жасағында қызмет етіп жүргеніне 13 жыл. Ол осы уақыт аралығында көптеген адамның өмірін ажалдан аман алып қалған. Алатаудың биік шыңдары өте қауіпті. Абайлап жүрмесең құтқарушының өзі қиындыққа тап болуы мүмкін. Жалпы күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келеміз, - дейді Ерік. 

Ерік Берлібеков, ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:

- Жоғалған адамның ақпаратымен нүктеге келеміз. Сосын екі топқа бөлініп іздестіреміз. Сол кезде жаңағы біз жарға шығып кеткенбіз. Фонарь сығырайып, бірақ сақтандырумен келе жатырмыз. Жарға шығып кетіп, сол кезде қорқыныш болды. 

Ауғанстан

Алматылық құтқарушылар 7 қазанда Ауғанстанда болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Герат тұрғындарына көмектесіп қайтты. Жерлестеріміз 700 қираған үйді тексеріп шыққан. Жасақ құрамындағы дәрігерлер жарақат алған 80 адамға медициналық көмек көрсетіпті. Ал ақпан айында Түркиядағы ағайынға қол ұшын созған еді. Құтқарушылардың ең басты көмекшісі – ол иісшіл иттер. 

Аршын Кемелжан, тілші:

- Ерік Берлібековтің құтқару қызметіндегі сенімді серігінің аты Джек. Сегіз жасар бельгиялық төбетті күшік кезінен өзі таңдап алып, тәрбиелеген. Бүгінде Джек құтқару жұмыстарына қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Соның бірі-биыл Түркияда болған зілзала салдарынан қиранды астында қалып қойған адамды құтқарған да осы Джек болатын. 

Түркия

Республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цойдың айтуынша, жігіттер үшін ауыр болған тапсырмалардың бірі Түркиядағы жер сілкінісі салдарымен күрес. Бұл сапар физикалық әрі психологиялық жағынанда қиынға соққан. Жасақ басшысы бастаған мамандар қиранды астында қалғандарды аман алып шығу үшін 6 тәулік демалыссыз жұмыс істеген. Қажырлы қайрат нәтижелі болды, - дейді олар. 

Владимир Цой,  ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы:

- Қазақстандық құтқарушылар бір уақытта екі елдімекендегі үш нысанда жұмыс істеді. Жалпы 7 адамды құтқардық. 7 адамның өмірін сақтап қалу деген үлкен жетістік. Біз бірнеше тәулік демалыссыз жұмыс істедік. Сондағы туыстарын іздеген тұрғындар бізді күні-түні тапжылмай күтіп отырды. Кейіннен басқа елдің құтқарушылары да көмекке келді.

Республикалық жедел-құтқару жасағында қазір 105 адам жұмыс істейді. Олар кинология, сүңгуір, автотехника, альпинизм және диспечерлік орталықтардан тұрады. Машақаты мен қаупі жоғары қызметке 35 жасқа дейінгі физикалық және психологиялық талапқа сай жігіттер ғана қабылданады екен.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев