Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тәсілі іске қосылды
«Е-қызмет» жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тәсілі іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол наурыз айынан бастап пилоттық режимде жүзеге асып жатыр. Ол арқылы азаматтар бос жұмыс орындарына үміткер болып, конкурсқа қатысуға онлайн өтінім бере алады. Бүгінге дейін 700-ден астам конкурс ұйымдастырылып, оған қатысуға 5 мыңға жуық азамат ниет білдірген. Бірақ олардың тек 401-і мемлекеттік қызметке қабылданды.
Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
- Е-қызмет жүйесінде барлық кадрлық процестер цифрландырылды. Сонымен қатар Агенттік жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Президенттік жастар кадрлық резеріне үшінші іріктеуді бастадық. Қазіргі уақытта іріктеудің алғашқы кезеңі аяқталды.