Қазақстанда туристерді қорғау жүйесі енгізіледі

2024 жылдан бастап елге сапарлап келген барлық турист QR-код арқылы такси құны туралы толық ақпарат ала алады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жобаны «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы іске қосады. Өңірлердің туристік рейтингі де енгізіледі. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтты. Ал ішкі туризмді дамыту үшін белгілі бір қалада 4 күннен астам уақыт аялдайтын туристке 20%-ке дейін жеңілдік ұсынылуы мүмкін. Бұл бастама да келер жылы қолға алынады.

Былтыр 8,5 млн азамат ішкі туризмді таңдады. Тағы «Kids Go Freе» бағдарламасы арқылы шамамен 1500 бала тегін ұшу қызметін алды. Ал сырттан келген қонақтардың саны 1 млн-ға жуықтайды.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- QR-кодпен кірген кезде шетелден келген туристке керек болған ең маңызды ақпараттың барлығы болады. Ол – туристік сервис. Ресми жұмыс істеп жүрген таксилер және олардың базалық ставкалары туралы ақпарат, сосын е-SIM электрондық сим-карта болады.