Алматыда I Халықаралық қуыршақ театры фестивалі басталды
Алматыда Республика күніне орай халықаралық қуыршақ театры фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Almaty Puppet Festival» Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының «Земля предков» қойылымымен ашылды. Мәдени шараға Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан сияқты елдерден келген 14 театр ұжымы қатысып жатыр. 150-ге жуық қуыршақ шебері өнер көрсетеді.
Фестиваль соңында «Үздік спектальмен» қоса саланың шеберлері марапатталады. Үздік мамандар дәріс оқып, шеберлік сағатын өткізеді деп жоспарланған.
Меруерт Жақсылықова, қазылар алқасының төрағасы:
- Фестивальдің репертуары өте қызықты. Бұл жерде үлкен адамдарға арналған 18+ қойылымдар мен қатар кішкентай көрермендерімізге арналған 1 жастан асқан балалардан бастап, 3 жас, 5 жас, 12 жас деп әртүрлі жастарға бөлінеді. Мұның өзі қуыршақ театрының елміздің әр қырынан дамып отырғандығын көрсетіп береді.
Сава Дрогунчев, қазылар алқасының мүшесі:
- Сіздердің мемлекеттік қуыршақ театрын осыдан бір жыл бұрын Варна қаласында өткен «Алтын дельфин» атты халықаралық фестивалінен бері білемін. Сол кезде Шекспирдің Ромео мен Джульетта спектаклін алып келген болатын. Сондай-ақ Болгарияның Бургас қаласында 2 ай бұрын өткен фестивальде Алматы қуыршақ театры бас жүлдені жеңіп алған еді.