Ақтөбе облысында ауыл жолдарының жағдайы жақсарады
Ақтөбе облысының Темір ауданында ауыл жолдарының жағдайына көңіл бөліне бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президент Жолдауынан туындайтын бұл міндетті іске асыру үшін алдағы бірер жылда ешқашан асфальт төселмеген елді мекендер де қамтылады. Жоба аясында жарықтандыру ісі қатар жүріп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары құрылады. Бүгіннің өзінде Қопа, Кеңқияқ және Шұбарқұдық ауылдарында бірқатар көше жолдары салынып жатыр.
Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта биыл 3 көшеде жол салынып жатыр. Соның ішінде көп жылдан бері көңіл бөлінбей, әбден тозған көшелерге асфальт төселуіне тұрғындар дән риза. Себебі бұл мәселені шешуді сұрап жауапты мекемелерге талай өтініш айтқан еді.
Нұрсұлтан Ілиясұлы, Шұбарқұдық кентінің тұрғыны:
- Жол енді бұрын щебенка төселді кілең. Жаяу адамдардың аяғы щебенкіге оратылып, машина жүрсе, әйнегіне соғып, доңғалағын жарып жататын еді. Мінекей, бүгінгі таңда, жол салынып тақтайдай тегіс, бұл енді ауыл-елдің адамдарына да, балаларына да, жүргіншілеріне де, бәріне керемет, жақсы болды.
Бабатай Салиманов, ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Осы жұмыс әрі қарай жақсылығын тауып, жақсы қарқынмен жүре берсе, ауылымыз көркейе береді ғой әлі де. Әлі де көшелер көп біздің Шұбарда. Себебі мұнда 14 мың тұрғын тұрады. Сондықтан да бәрінің де жүретін тротуарлар керек, мысалыға. Соның барлығы жасалса, жақсы, көрікті ауыл боламыз.
Ауыл шетіндегі айналма жол да орташа жөндеуден өтіп жатыр. Бұрын бұл бағытта шұрық-тесіктің көптігінен жиектегі үйлерге такси мен жедел жәрдем көліктерінің келуі қиын еді. Енді тұрғындардың осы қарқынмен аудан орталығының шетінде пайда болған жаңа мөлтек аудан мен тұйық көшелер де қамтылса деген тілегі бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Ауылдардың ішіне жол салу және ескілерін қайта қалыпқа келтіру одан әрі жалғасатын болады. Тек аудан орталығының өзінде келер жылы жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын 3 көше жолын дұрыстау жоспарда бар. Оның жалпы құны 600 млн теңгеге жуықтайды.
Дәл осындай жол құрылысы бүгінде Шұбарқұдықтан өзге, Кеңқияқ және Қопа ауылдарында жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Таспоқа елді мекеніне кіре берісті дұрыстау қолға алынған. Ал өлкеде аудан орталығы мен Кеңқияқтан өзге ауылдарда ешқашан жөнді жол болмаған көрінеді. Сондықтан жергілікті билік бұл мәселеге белсене кірісуді көздеп отыр.
Асылбек Құлмұханов, Темір аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Темір ауданы бойынша ауылдарға 10 жоба дайын тұр. Жалпы құны 4 млрд-ты құрайды. Жолдардың ұзындығы 22 км болады. Қазіргі уақытта бюджеттік жоба ұсынылды облыстық басқармаға және аудандық экономика және қаржы бөліміне. 4 млрд теңге қаржы. Ол енді барлығын бірдей аудандық бюджет көтере алмайды. Сондықтан кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар 2024 жылға 5 ауылдың кіреберіс жолы жалпы құны 3,6 млрд болатын жоба жасақталды. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе бірнеше жыл қатарынан күн тәртібінде болады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Боламбек Молдағалиев.