Оралда «Қыран елім – Қазақстан!» атты облыстық жастар форумы өтті
Оралда Республика күні қарсаңында «Қыран елім – Қазақстан!» атты облыстық жастар форумы өтті.
Белсенді жастар патриоттық әндер шырқап, шараның сәнін келтірді. Форумда сан сала бойынша үздік жоба авторларына «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты берілді.
«Атамекен» өнер ордасына жиналған мыңнан астам адам форум басталмай тұрып-ақ көк Туды желбіретіп, патриоттық әндер шырқады. Олар – студенттер мен әр саланың белсенді жастары. Ал өнерпаздар шараның шымылдығын театрлық қойылыммен түріп, қазақ тарихынан сыр шертті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. 2023 жылы 238 жас кәсіпкерге 1 млрд 190 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 176 жасқа несие берілді. Алдағы уақытта облыс жастарына арнайы тұрғын үй бағдарламасы ашылуы жоспарлануда. Біздер БҚО жастарына сенеміз!
Облыста «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты үшін 30-дан астам өтініш келіп түскен. Жобалар ғылым, мәдениет, ақпараттық технология және бизнес салаларын қамтиды. Форум барысында үздік 10 жобаның авторына 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Айзада Биәлиева, "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының иегері:
- Жобамның негізгі мақсаты – тұрмыстық киімдерді ұлттық нақышта безендіріп, түрлендіріп, сәндеп, қолданыс аясына шығару. Грант қаражатына DTF аппаратын алу жоспарланып отыр.
Батыс Қазақстан облысы – ел аумағында жұмыссыз және кәсіби білім алмаған жастардың үлесі ең аз аймақ. Өңірде 200 мыңға жуық жас болса, соның 3,9 пайызы ғана осындай санатқа кіреді. Оларды жан-жақты қолдау шаралары әлі де жалғасады, дейді әкімдік өкілдері.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов