Астанада «Enactus World Cup 2024» өтеді
Қарағанды университетінің студенттері Нидерландта өткен жас кәсіпкерлердің әлем кубогына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жерлестеріміз жүлделі орынға ие бола алмаса да, елге жағымды жаңалықпен оралды. Яғни, келер жылы жастар жасаған әлеуметтік жобалар бойынша әлем чемпионаты Қазақстан өтеді.
Enactus әлем кубогы – кәсіпкерлікпен айналысатын студенттер үшін жылдың ең маңызды оқиғасы. Өйткені мыңдаған жобаның арасынан үздік әлеуметтік стартаптар анықталады. Қазылар алқасы оларды бірнеше бағыт бойынша бағалайды. Яғни, жоба инновациялық әрі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына жол ашатындай болуы керек. Бірақ, ең бастысы, қарапайым халықтың өмірін жақсартуға мүмкіндік жасауы тиіс.
Альбина Ержанова, «ENACTUS Kazakhstan» президенті:
- Бұл – жалпы қоғам үшін де, жастардың өздері үшін де үлкен әлеуметтік мәні бар жоба. Өйткені жобаны топпен бірлесіп орындау арқылы олар бүкіл оқу жылы бойы практикалық және көшбасшылық дағдыларды дамытады.
София Ерёмина, Қарағанды университетінің студенті:
- Осы жерге біз 2 жобамен келдік. Бірінші жоба бізде «Onde Recycling» туралы. Біз пластикпен жұмыс істеміз. Екінші жоба – ол «Жиһаз». Ол жерде біз паллеттерден жиһазды жасау негізі.
Қазақстанның барлық аймағынан 2,5 мыңнан астам студент мен оқушы жылына 100-ге жуық жобаны жүзеге асырады. Олар жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Аружан Мырхиева, «ENACTUS Kazakhstan» түлегі:
- Менің ойымша, Enactus студенттері тез дамып, еліміздің көк туын осындай үлкен мерекелерде, іс-шараларда, жарыстарда биік көтеріп, алда үлкен белестерге жетеді.
Есқали Қыдырмолданов, Қарағанды университетінің студенті:
- Біз үшін бұл жобалардың нәтижесі өте маңызды. Себебі біздің жобалар бұл экологиялық бағытында болғандықтан, біз өзіміздің елде экологиялық сауаттылықты енгізгіміз келеді.
Әлем кубогын биыл Египет құрамасы жеңді. Ал біздің ел келесі чемпионатты Қазақстанда өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Ненси Мурман, «Enactus Netherlands» директоры:
- Биыл халықаралық Enactus байқауы Нидерландтың Утрехт қаласында өтті. Бізге әлемнің 34 елінен студенттер келіп, өз жобаларын ұсынды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Енді эстафетаны Қазақстанға тапсырамыз.
Жанат Эрнст, тілші:
- Студенттік кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын әлем кубогы келер жылы Астанада өтеді. Елімізге 2 мыңға жуық әлеуметтік бизнес жоба иелері жиналып, өзара мықтыны анықтайды.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.