Астанада медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жайы талқыланып жатыр

Астанада медициналық-санитарлық алғашқы көмектің бүгіні мен болашағы талқыланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 1000-нан астам делегат саладағы реформа және бастапқы буынды қаржыландыру модельдерін пысықтауда. Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова өз сөзінде адамдар арасындағы жүйкенің бұзылуына алаңдаушылық білдірді. Вице-премьер «мұндай үрдіс еңбек өнімділігіне, тіпті экономикалық дамуды тежеуге алып келеді» деді. Ендеше әлемге ортақ түйткілді шешуде күш біріктіру маңызды.

ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Гебреисус бастаған делегацияның қазақ астанасында бас қосуы тегін емес. Биыл жаһандық денсаулық сақтау үшін тарихи құжатқа айналған Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл толды. Астана декларациясына 5 жыл. Бүгінде еліміз медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсетуде жаһандық көшбасшы саналады. Мұны жиналған қауым растады. Тіпті енгізілген инновациялық әдістердің көпке үлгі екенін атап өтті.

Катрин Рула, Торонто университеті Жаһандық денсаулық сақтау департаментінің директоры:

- Мен Қазақстан туралы көп білмеймін. Бірақ бүгінгі шарада біраз нәрсеге қанықтым. Әсіресе медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша жетістіктеріңіз көп екен. Бізге осы бағытқа психологиялық көмекті қосқандарыңыз ұнады. Бұл өте тиімді инновация деп ойлаймын. Канада да отбасылық медицинаға көңіл бөлінеді. Бірақ ол жерде психологтар жоқ. Коронавирус пандемиясынан кейін әлем елдерінде жүйкенің бұзылуы қатты сезіледі. Әсіресе жастар үшін жанымыз ауырады. Сол себепті осы саланы дамыту керек. Біз де қазақстандық тәжірибені қолдануға тырысамыз. Әріптестеріміздің тәжірибесін зерттеп көрмекпіз.

Бағдарлама бірнеше күнге жоспарланған. Бүгін сала мамандарына семинар ұйымдастырылды. Делегаттар Қазақстанның цифрландыруға көңіл бөлетінін оң бағалады. Әсіресе телемедицина әдісі арқылы шалғайдағы ауыл халқын МСАК-пен қамту мүмкін болғаны көпті тәнті етті.

Ханс Клуге, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры:

- Біз бар назарымызды медициналық-санитарлық алғашқы көмекке қойып отырмыз. Осы жиындарда ауру-сырқаудың алдын алуға, паллиативті қолдау көрсетуге, сондай-ақ жылдам әрі нақты диагностиканы жетілдіруге мән береміз. Қазақстанның айтарлықтай жетістіктері бар. Елдегі алғашқы көмек аясында тиімді емдеу жүргізу әдісін де пысықтаймыз. Өкінішке қарай, көп адамның қымбат медициналық препарат алуға шамасы келмейді. Осы ретте халыққа негізгілерін қолжетімді ету керек. Сондай-ақ алғашқы көмек көрсететін мамандар мен басқа да дәрігерлердің етене жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз.

Елімізде медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 5000 ұйым бар. Енді олардың жұмысы бір алаңда үйлестіріледі. Ертең Елордадағы №10 емхана базасында республикалық орталық ашылады.

Гүлнәр Сәрсембаева, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:

- Бұл бірегей нысан болады. Бізде басқа бағыттар бойынша орталықтар бар. Бұл енді медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсететін орталықтарды үйлестіреді. Дәрігерлерді оқытады, арнайы әдістемелер жасалады, сонымен қатар инновация технологиялар енгізу жұмыстары атқарылады. Халықты ақпараттандыру да осы алаңда қамтылады. Бір сөзбен айтқанда, мультидисциплиналық команда құралған. Осы тәжірибеміз басқа елдерге үлгі.

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жалпы денсаулық сақтау жүйесінің негізі саналады. Сол себепті халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету маңызды. Бұл ретте елімізде ауыл медицинасын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында мамандарды дайындап, жаңа емдеу нысандарын ашу жолға қойылған.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елордада бас қосқан 80-нен аса елдің өкілі алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы медицина саласындағы мәселелер мен жетістіктерін бөлісіп жатыр. Бірақ бұл басы ғана. Ертең Мемлекет басшысының қатысуымен жаһандық конференция өтеді. Онда медициналық-санитарлық алғашқы көмектің болашағы туралы бірлескен қаулы қабылданады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен.