Ақмола облысына қарасты ауылдарда медициналық нысандар ашылады
Ақмола облысының үш ауылында жаңа медициналық нысан ашылады.
Оның бірі елорда іргесіндегі Қоянды ауылында бой көтерсе, екеуі Атбасар ауданына қарасты елдімекендерде салынып жатыр. Медициналық пункттер тиісті қондырғылармен толық жабдықталып, қажетті мамандармен қамтамасыз етіледі.
Сочинское ауылындағы қазіргі медициналық орталық әбден ескірген. Сондықтан ауыл тұрғындары жаңа нысанның ашылуын асыға күтіп жүр. Құрылыстың жобалық-сметалық құжатын жергілікті кәсіпкер өз қаражатына дайындаған. Ал медициналық мекеме тек Сочинскоені ғана емес, көршілес тағы екі ауылдың тұрғындарына да қызмет көрсетеді.
Светлана Валитова, Шұңқыркөл ауылдық округінің әкімі:
- Біздің қазіргі медициналық пунктіміз тозығы жеткен үйдің ішінде орналасқан. Сол себепті тұрғындар осы нысанның ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. Мұнда қажетті медициналық қондырғылар толық жеткізіледі. Ол жобада қарастырылған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін бір терепевт дәрігері келіп, жұмысқа кіріседі.
Аймақтағы ауылдық медициналық мекемелердің 73 пайызы ескірген. Оларды жаңартып, қалыпқа келтіру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен, осы жылдың өзінде 14 нысан жөндеу өтті. Оған 2 млр.теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Нұрлан Ахылбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Ауылдық жерлердегі медициналық пунктерді жаңғырту жұмыстары ұлттық жоба аясында жүргізілуде. Біздің облыс бойынша жоба негізінде 38 нысан салынады деп жоспарланған. Соның 14-інің жобалық-сметалық құжаты дайын. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.
Ауылдардан бөлек, кейбір аудан орталығындағы емханалар да күрделі жөндеуді қажет етеді. Мысалға, Біржан сал ауданының ауруханасы қазір апатты жағдайда. Сондықтан мұнда 200 орынға шақталған жаңа емхананың құрылысы басталды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный