АЭС салу бойынша ашық талқылау өтті
Қостанайда атом электр станциясын салуға қатысты ашық талқылау өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған сарапшылар, қоғам белсенділері, сала мамандары қатысты. Сөз сөйлегендер атом электр станциясы тұрақты және сенімді энергия көзі екенін нақты деректермен дәлелдеді.
Болашақта энергия тапшылығы туындауы мүмкін. Ондай жағдайға тап болмаудың бірден-бір амалы – атом энергетикасын дамыту. Оған елімізде толық мүмкіндік бар. Қажетті шикізат – уран қоры жеткілікті. Қазақстанда ядролық институт ашылғалы бері 60 жыл ішінде ғылыми жетістіктеріміз де аз емес. Отандық мамандар таңдап отырған екі контурлы ядролық реактор – әлемдегі ең қауіпсіз технология. Бірақ оған халық арасында күмәнмен қарайтындар да бар. Негізінен қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды.
Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры:
- Бұл жерде, шыны керек, мен 3 топқа бөлем, біреуі білместіктен, оны түсінсе, онда мойындайды. Екіншісі бар, олар түсінсе де, бірақ түсінгісі келмейтіндер. Ал үшіншісі – қолдайтындар, әрине, қолдайтындар күннен күнге көбейіп келе жатқандығы анық.
Қадырғали Жаманбалин, қала тұрғыны:
- Игналинский атом станциясында жұмыс істедім. Соның бәрін білем. Одан бетер 40 жыл өтті. Осы жылдың ішінде бір де оқиға болған жоқ. Екінші, экономика өсіп жатыр, электр энергия жетпей жатыр. Ертең газ да болмайды, мұнай да болмайды. Сол кезде бізге тек қана атом станциясы Қазақстанға өте көмек береді.