Елімізде электрлі көлік саны бес мыңға жуықтады
Елде тіркеуге алынған электрлі көліктер 5 мыңға жуықтап қалды.
Бұл Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерек. Осыған байланысты тоқпен жүретін темір тұлпар көбейген сайын қала көшелері мен қалааралық жолдарда қуаттау орталықтарын салу мәселесі өзекті.
Электрлі көлік дегенде ең алдымен экологиялық қауіпсіздік ойға оралады. Салық жеңілдіктері тағы бар. Бірақ инфрақұрылымның жоқтығы мұндай темір тұлпардың болашағын бұлыңғыр етеді.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Мәселен, бұл көліктің электр қуаты 480 шақырымға шақталған. Елордадан Қарағандыға барып келуге әбден жетеді. Бірақ Астанадан Көкшетауға барам десеңіз, қайтарда жолда қалып қоюыңыз әбден мүмкін. Өзге көлікпен тіркеуге алуға келмейді. Сондықтан эвакуатор шақыруға тура келеді.
Десек те, қазірдің өзінде Астанада 51 және Алматыда 52 көлік қуаттау орталығы жұмыс істейді. Тағы Ақтау мен Павлодар қалаларында және Астана-Щучье жолында 1 станциядан бар. Алдағы уақытта қалааралық инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр.
Төреәділ Әбдірахманов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Қажетті инфрақұрылымды дамыту бойынша қазіргі таңда көлік министрлігімен бірлесіп, электромобильдердің инфрақұрылымын дамыту туралы Жол картасы бекітілді. Сонда көрсетілген пункттер арқылы инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда. Әрине басты назарда ірі қалалар - Алматы, Астана, Шымкент.
Былтыр елге сырттан мыңнан астам электрлі көлік әкелінді. Ал 2023 жылдың алғашқы 7 айында 435 техника жеткізілді.
Анар Мақашова, Қазақстанның Автокөлік одағының президенті:
- Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2019 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанға 1 мың 990 электромобиль әкелінді. Қытайдан, Кореядан, АҚШ-тан, ресейден жеткізіледі. 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 4 мың 635 электромобиль тіркелген.
2016 жылдан бастап электромобильдер Қазақстанда да шығарыла бастады. Осы күнге дейін елде 140-тан астам көлік құрастырылды. Оның ішінде қытайлық және кореялық брендтерге басымдық берілген. 2024 жылдан бастап, тағы бір кореялық электрокар жинау жоспарда бар. Бірақ мұндай көліктердің істен шыққан немесе тозығы жеткен батареяларын қоқыс полигондарына тастауға болмайды.
Абылай Алмұханов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің департаменті басқармасының басшысы:
- ҚР Экологиялық Кодексінің 351-бабының 17-тармақшасына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарында электронды және электрлі қалдықтарды көмуге тыйым салынған. Сәйкесінше Экологиялық Кодекстің 365-бабы 6-тармағына сәйкес, аккумуляторлар мен батареялар, коммуналдық қалдықтардың қауіпті бөлшектері бөлек жиналып, қалдықты қайта өңдейтін мамандандырылған кәсіпорындарға берілуі тиіс.
Елде электрлі қалдықтарды қайта өңдейтін 19 кәсіпорын бар. Өңірлерде кәсіптің осы түрін дамыту жергілікті атқарушы органдардың мойнында. Әр әкімдік әділ бәсекелестік орнату үшін кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында жер телімдерін пайдалануға бере алады. Оның ішінде жеңілдікпен инженерлік желілерді тарту жұмыстары да бар. Алдағы уақытта Экология министрлігі Өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері операторы шеңберінде қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындарды материалдық-техникалық жарақтандыру тетігін іске қосуды көздеп отыр.
Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы