Қарағандыда кинологтардың иттері балаларды емдеуге көмектеседі
Қарағанды полиция департаментінің кинология қызметіндегі иісшіл иттер тек қылмысты ашумен емес, науқас балаларды да емдеумен айналысады.
Бұл ел аумағында тек кеншілер қаласында қолға алынып отыр. Полицейлер қимыл-қозғалысында ақауы бар мүгедек балаларға иттердің ем-домы ерекше әсер етеді деп отыр.
Венера мен Глория атты бұл иттер науқас балалар орталығының асыға күтетін қонақтары. Қимыл-қозғалысы мен жүйке ауруына шалдыққан балалар бұларды көргенде жайдары күй кешеді. Ғылымда канистерапия деп аталатын осы емнің пайдасы мол екенін мамандар да жасырмайды.
Татьяна Кравченко, мүгедек балаларға көмек көрсету орталығының басшысы:
- Көптеген ауруға ем. Даун синдромы, туа біткен сал ауруы, талма, ақыл-ойдың кеш дамуы сынды дерттің бәріне оң ықпал етеді. Ең бастысы, қорқу сезімі жоғалады. Кейбірі тіпті бұлдырлап сөйлей бастайды. Кейбір балалар айтқанды түсініп, ойы қалыптасады.
Ит үшін топ баланың ортасында мейман болу кәнігі қосымша жұмыспен тең. Сондықтан күнделікті жаттығуы мен дағдысын тұрақты түрде қалыптастырып отырады.
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Кинология қызметіндегі иттердің қазір ең көп көрсететін қызметінің бірі ол синтетикалық есірткі заттарын іздеп табу. Бұл жерде біз сол есірткі заттарды алмастырғышты пайдаланатын боламыз. Мен қазір оны тереңдеу жерге тығып кетемін де, өзім 50-60 метр жерге кетіп қаламын. Ал ит оны қанша уақытта табатынын көремін. Қолымның табы мен ізі қалмау үшін әдейі қорғаныш қолғап киіп алдық.
Әбден дайындалған ит бұны небары бірер минутта тауып алды. Жалпы Қарағанды кинология қызметінде 30-дан астам ит қызмет етеді. Мамандар оларды күшік кезінде көрсеткен қырағылығы мен ептлігіне қарап таңдап алады. Алғашқы нәтиже жарты жылда шыға бастайды.
Айдар Әбдірасылов, облыстық ПД кинология қызметінің бастығы:
- Көбіне кинолог маман итке сену керек. Таңқалдырған жағдайлар болды мысалы көптеген іссапарға шықтым, өзім де сол бағытта оқығам. Универсиада кезінде ит машинадан оқ дәрілер алып шыққан кез болды машинадан. Ол аңшылар ма екен 12 -16 калибрлі. Сол кезде біз иттерге сендік. Иттің өзі бір күнде 300-400 машина тексерген кездер болды.
Полицейлердің кинологиялық қызметіндегі иттерді базалық тұрғыда дайындау ІІМ қарасты Алматы кинология орталығында жүргізіледі. Қазір елде қауіпсіздік саласында қызмет ететін 600 ит бар. Олар 8 жыл қалтқысыз қызметтен кейін ресми зейнетке шығарылады.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар