Алматы қаласының 75 тұрғынына мемлекеттік наградалар тапсырылды
Республика күні қарсаңында Алматы қаласының 75 тұрғынына мемлекеттік наградалар тапсырылды.
Марапатталғандар тізіміне елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар енген. Олардың ішінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бизнес, көлік салаларының өкілдері, еңбек ардагерлері, сондай-ақ қоғам және саяси қайраткерлер бар. Оларға мемлекет басшысының Жарлығымен 1 дәрежелі «Барыс», 2 дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Сонымен қатар, қала әкімі Мемлекет басшысының атынан «Парасат», «Құрмет» ордендерін және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын тапсырды. Мегаполистің дамуына үлес қосқан бірқатар азамат Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Арман Қырықбаев, қала әкімінің орынбасары:
- Көбінесе шынайы еңбек адамы, қарапайым қала өмірінің тірлігіне қатысты салаларында қызмет етіп жүрген біздің аға-әпкелеріміз, іні-қарындастарымыз марапаттарға ие болды. Мемлекет басшысының атқарып отырған қызметі аясында барлығымыз топтасып, елдің бірлігін көрсетіп, Қазақстанның дамуына қызмет ете берейік.
Нұрсұлтан Бекқайнаров, "Қазақстан волонтерлер лигасы" ҚҚ төрағасы:
- Республика күні қарсаңында «Ерен еңбегі» наградасымен марапатталдым. Өте қуаныштымын. Барша қазақстандықтарға, алматылық жастарға, волонтерлерге марапатым үшін ерекше алғыс білдіріп, келе жақтан ұлық мереке, біздің ұлттық мерекеміз Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз.