БҚО-дағы құқық қорғаушыларға жаңа көліктер тапсырылды
Республика күні қарсаңында батысқазақстандық 45 учаскелік полиция инспекторына су жаңа автокөліктердің кілті тапсырылды.
Сондай-ақ Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің 12 аудан мен Орал қаласындағы өкілдері де темір тұлпарды тізгіндеді. Жыл соңына дейін күштік құрылымдарға тағы 95 автомобиль беріледі.
Жангелді Аманғали Орал қаласындағы 4-ші ықшам аудандағы учаскелік полиция инспекторы. Ол бүгін өз әріптестерімен бірге жаңа көліктің кілтін алды. «Бұрын ескі техника жиі бұзылатын. Діттеген жерге дереу жетуде қиындық туындайтын. Енді жаңа «Жакпен» қылмыстың алдын алуға мүмкіндік мол», - дейді тәртіп сақшысы.
Жангелді Аманғали, учаскелік полиция инспекторы:
- Бұрын «Нива» автокөлігімен жүрдік. «Нива» 2017 жылы қолданысқа берілді, Сол уақыттан бері сол машинамен жүрдік, шыны керек. Сол автокөлік біраз жүріп тозғаны бар. Болашақта осы автокөліктерді қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін, қаланың тыныштығы үшін қолданысқа алатын боламыз.
Асты биік кроссоверлер далаға да, қалаға да қолайлы. Сондықтан шығар 45 көліктің 25-і ауданға аттанса, қалғаны қаладағы қоғамдық тәртіптің бұзылмауын қамтамасыз етпек. Жыл аяғына дейін тағы осындай 90 темір тұлпар тәртіп сақшыларына тапсырылады. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев күштік құрылымдардың қызметіне барынша жағдай жасалатынын атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Биылғы жылы ішкі істер департаментінің өзіне 140-қа жуық автокөлік алып беріп жатырмыз. Осының барлығы да біздің күштік құрылымдардың қалтқысыз халыққа қызмет ету және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатырған жұмыстар. Біз облыс көлемінде осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.
Сондай-ақ бүгін қорғаныс істері департаментіне де 13 жеңіл көлік пен бір ауыр жүк көлігі тапсырылды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов