Павлодар облысында орман қорғау шаралары күшейтілді
Биыл бұл жұмыстарды атқаруға 900 млн теңге бөлінді.
Қаржы өрттерді алдын алу және ерте кезеңде анықтауға арналған мамандандырылған техника сатып алу мен қолданыстағы радиостанцияларды модернизациялауға жұмсалды. Кешенді шара үш орманшылыққа қарасты 127 мың гектарлық аумақта жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін өрт болған орынды анықтау жүйесі іске қосылады. Қазіргі уақытта заманауи құрылғылар орнатылып жатыр. Мамандардың айтуынша, орман қорын ұлғайту да басты назарда болады. Бекітілген жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін 19 мың гектарға қарағай көшеттері отырғызылады.
Дана Жарылғасова, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:
- Орман шаруашылықтарына бес өрт сөндіру автоцистернасы сатып алынды. Тілсіз жаумен күресуге арналған шағын мобильді кешендер әкелінді. Бұл техника автоцистерналар өте алмайтын жерлерге тез жету үшін керек. Сонымен қатар, көшет егуге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарда бар. Ал орманшылар мотоциклдермен қамтылады.