Оралда жаңа зауыт ашылды
Оралда жергілікті нарық бойынша баламасы жоқ өндіріс орны ашылды.
Жаңа зауытта түрлі жүк салуға арналған биг-бэг дайындалады. Тауар еліміздің біраз өңірімен қатар, шетелге де сатылмақ. Жұмысқа жергілікті тұрғындар қабылданып жатыр. Республика күні қарсаңында зауыт салтанатты түрде іске қосылды.
Зауытта өндірілетін қапшықтар дәнді-дақыл мен минералды тыңайтқыш түрлерін, тұз және цемент салуға қолайлы. Нарықта мұндай тауарға сұраныс толастамайды. Өндіріс орнында жылына 5 млн астам биг-бэг және 60 мың вагон жабындысы жасалады екен.
Герман Медведев, зауыт директоры:
- Өнімнің басым бөлігі батыс елдеріне экспортқа шығарылады. Міне, мына жерде Белгияға жіберілетін тауар жиынтығы дайын тұр. Ал шикізатты отандық кәсіпорындардан да, көрші елден де алып жатырмыз. Жобаға 3 млн доллар жұмсадық.
Өндіріс орнында 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Әзірге 30 шақты адам еңбек етіп жатыр. Компания оларды кәсіби мамандардың көмегімен арнайы оқытқан.
Серік Хабибуллин, тігінші:
- Үйретті. 10 күн Москваға барып, оқып келдік. Содан үйреніп, осында келіп отырып, тігіп жатырмыз. Бұған дейін вахтада жұмыс істедім. Қазір мынау Оралдан ашылғасын үйдің қасында әйтеуір.
Биыл облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 430 млрд теңге болды. Былтырмен салыстырғанда 27 пайызға артқан.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Алдымызда мемлекет басшысының қойған тапсырмасы бар. Бұл біріншіден, барлық жерлерге инвестиция тарту мәселесі. Міне, осындай тұрып қалған механикалық зауыттың шаңырағында бүгін жақсы өндіріс ашылып жатыр. Осы жоба тек БҚО үшін емес, Қазақстанымыздың дамуына үлкен әсерін тигізеді.
Әкімдік өкілдері жыл соңына дейін инвестиция көлемін 600 млрд теңгеге жеткізу көзделгенін айтады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов