Сенатор: Жерді мемлекет мұқтажына сатып алу шығынын азайту керек
Сенатор Лукин мемлекет үшін жер алу кезінде бюджет ақшасының негізсіз шығынға ұшырайтыны туралы айтты.
Ол депутаттық сауалында жерді сатып алуға мемлекеттік ақша тиісті шамадан көп жұмсалатыны жөнінде мысалдар келтірді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде заңда мемлекет мұқтажы үшін қанша жер қажет болса, сонша жер сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бірақ онда тек бөлінетін учаскелерді алғанда ғана жүзеге асады, бөлінбейтін жағдайда жер телімін толығымен сатып алуға тура келеді. Ол кейде тым үлкен, сондықтан қымбатқа түседі.
Ережеге сәйкес бөлінбейтін жер телімін бөлінетін санатқа ауыстыруға жол беріледі. Алайда, ол тек меншік иесінің немесе жер пайдаланушының өтініші негізінде мүмкін болады. Меншік иесінің немесе жер пайдаланушының тиісті өтініші болмаса жергілікті атқарушы органның бөлінбейтін жер учаскесінің бір бөлігін ғана алып қоюға мүмкіндігі жоқ екені белгілі болды. Қазіргі жағдайда жергілікті атқарушы органдар талап етілетін алаңға қарамастан бөлінбейтін учаскелерді толығымен алып қоюға мәжбүр, бұл бюджет қаржысының негізсіз жұмсалуына әкеледі, - деді сенатор Лукин.
Депутат заңнаманы бір жағынан негізсіз бюджеттік шығындарды азайтатындай етіп өзгертуді, екінші жағынан жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғауды ұсынып отыр.
Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынған жағдайда бөлінбейтін деп танылған жер учаскесін бөлу мүмкіндігін қарастыру керек. Бөлінбейтін учаске бөлінген жағдайда меншік иесіне немесе жер пайдаланушысына бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болмаған жағдайда бүкіл жер учаскесінің құнын өтеу құқығын бекіту маңызды болып көрінеді. Сондай-ақ жер пайдаланушыда жылдық және ұзақ мерзімді бағдарламаның міндетті түрде болуын, оның ішінде оның қаржылық және өзге де міндеттемелерін бекіте отырып, жер учаскелерін беру тәртібін, сондай-ақ жер пайдалану құқығын жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдаудың оларды орындауға байланысын талдау қажет деп санаймыз, - деді Лукин.