Алматы облысында сүт өндірушілер халықаралық стандарт бойынша оқытылады
Алматы облысында сүт өндірушілерге арналған консалтинг және оқыту орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл жерде еліміздің фермерлері сүтті сиырлардың санитарлық күтімінен бастап, жем-шөбін дайындау, тамақ беру жиілігі, жаңа туған бұзаулардың жеткілікті уыз ішуін арнайы хаттама бойынша қадағалауды үйренеді. Бұл шаруа қожалықтарының пайдасын арттыруға, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілетін сүттің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді және де мемлекеттің сүт импортына тәуелділігін 39%-тен 11%-ке дейін төмендетеді деген болжам бар. Сүт өндіру саласындағы біліктілікті арттыру курстарынан 5 тәлімгер дайындықтан өтеді. Өз кезегінде олар шаруа қожалықтары иелеріне кеңес береді. Орталықтың жұмысы Қазақстан мен Германия мемлекеттерінің бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Уве Веддиге, жоба жетекшісі:
- Басты міндетіміз – алғашқы 5 кеңесшіні дайындау. Олар сиыр сауудан бастап, азықтандыру, тұяқты өңдеу, табындарды көбейтуді халықаралық стандарттар бойынша үйренеді. Бұл салада тәжірибеміз бар. Бұған дейін мұндай оқыту орталығы Қазақстанның солтүстік аймағында ашылған болатын. Нәтижесінде 16 шаруа қожалығын сүт өндіруде жүйелі дағдыларға үйреттік.
Айнагүл Аяғанова, жоба басшысының орынбасары:
- Жаңа туған бұзауға уыз беру керек екенін бәрі біледі. Бірақ қанша беру керек, қай уақытта – оны біле бермейді. Уыз – ол ішек арқылы өтетін иммуноглобулин. Оны жаңа туған бұзауға алғашқы 16 сағатта беру керек. Одан кешіксеңіз, оның пайдасы жоқ. Уызына тоймаған бұзау аурушаң болады.