Ақтауда балалар жол үстінде қауіпті ойын ойнап жүр

Жол жиегінде отырған бірнеше баланың көліктің алдынан тұра жүгіргені бейнебақылау құралына жазылып қалған.

Полиция қызметкерлері интернеттегі қауіпті ойын басқа елден келуі мүмкін дейді. Ережесі бойынша,  адам жолды жылдам кесіп өтуі керек. Үлгермесе, көлік астына түсіп, ойыннан шығады. Қазір құқыққорғаушылар мектептерді аралап, оқушыларға түсіндіріп жүр. Сондай-ақ аналар кеңесінің мүшелері тұрғындарға үндеу жолдап, сабақтан тыс уақытта баланы қадағалауға шақырады.    

Әйгерім Ибадуллаева, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Мектеп оқушыларымен полиция мен білім басқармасы қызметкерлерінің бірлесуімен әртүрлі сипаттағы тыйым салынған ойындарға әуесқойлықты болдырмау, оқушылардың теріс қылықты болудың алдын алу мақсатында олармен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады.

Гүлмира Әбішева, Ақтау қалалық Аналар кеңесінің мүшесі:

- Бұл ойынға көбінесе, менің ойымша, ата-ананың назарынан тыс қалған балалар барып жатады. Себебі балалар өздерін дәлелдеу үшін осындай ойынға барады. Өздерінің мықты екенін көрсету үшін. Балалардың қандай ойын ойнап жатқанын, ұялы телефонын қадағалап, олармен жылы-жұмсақ сөйлесіп түсіндіру керек.