Жетісу облысында ерекше үлгідегі мәдениет үйі қалпына келтіріліп жатыр
Жетісу облысында ерекше архитектуралық үлгіде салынған мәдениет үйі қалпына келтіріліп жатыр.
Панфилов ауданы Головацкий ауылындағы нысан 1992 жылы пайдалануға берілген. Алайда тоқырау жылдары жабылып он жылдан аса бос тұрды. 2004 жылы ішінара жөнделіп қайта ашылғанымен шатырдан су тамып ғимарат сыз тарта бастаған. Жылу жүйесі де ескіріп, есік терезесінен жел гулейтін. Сондықтан өнер ұжымы мекеменің бір бөлігін ғана пайдаланды. Мәдени нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін биыл 600 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Мердігерлер жаз бойы жұмыстың 70 процентін бітірді. Олар құрылысты жаңа жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Азамат Мейірханов, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Дизайны өте керемет. Ең алғаш келгенде сырттан көргенде хеопстың пирамидасына кіргендей болдық. Ары қарап бері қарап күрделі жөндеу жұмыстары барысында максималды түрде сол қалпында қалдыруды шештік. Себебі, өзім жиырма жыл болды құрылыс саласында жүргенімен мұндай ғимаратты кездестіргенім жоқ.
Мейіржан Ботамбаев, мәдениет үйінің директоры:
- Штатымызда сегіз адам бар. Алты үйірме жұмыс істейді. Оркестріміз бар, домбыра, әжелер үйірмесі, қолөнер шеберлерінің үйірмесі бар. Бұдан кейін бұрыңғыдан да жақсы жұмыс істеуге қосымша үйірме ашуға жұмысымыздың ауқымын кеңейтеміз.