СҚО-да психикалық ауытқуы бар адамдар көлік тізгіндеген

Солтүстік Қазақстан облысында психикалық ауытқуы бар адамдар көлік жүргізген.

Прокуролар арнайы тексеріс барысында жүйке жүйесі ауыратындар есебінде тұрған 138 адамға жүргізуші куәлігі берілгенін  анықтады. Тіпті шизофренияға шалдыққан азаматтардың бірі облыс орталығында қоғамдық көлікті тізгіндеген. Дәрігерлердің айтуынша мұндай диагнозы барлар бірден мүгедектік алып, өмір бойы тіркеуде тұруы шарт. Құзырлы орган өкілдерінің араласуының арқасында автобус жүргізушісі жұмыстан шығарылды. Жалпы соңғы екі жылда аймақта жол көлік апаты салдарынан 965 адам түрлі дене жарақатын алып, 82-сі көз жұмған.

Әбу-Әли Саттар, облыс прокурорының бірінші орынбасары:

- Қазіргі таңда осы фактілер бойынша облыстық полиция бастығының атына және мынау денсаулық департаменті бастығына біз прокурорлық қадағалау актілерін енгіздік. Сол бойынша қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Енді қызметтік тексеріс нәтижесінде кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылады.