Атырауда ерекше балаларға арналған орталық ашылды
Атырауда ерекше балаларға арналған «Айна Like» жартылай күндізгі стационары ашылды.
Ерекше ортаға бейімдеу мақсатында ашылған орталық күніне екі мезгіл жұмыс істейді. 1 жарым жас пен 18 жас аралығындағы 60 баланы қамтитын мүмкіндігі бар. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі қатысып, балаларға құтты болсын айтты.
Облыста аутизм және тірек-қимыл қозғалысы бұзылған 200-ден аса бала бар. Жаңадан ашылған мемлекеттік орталық олардың ортаға қосылып, сапалы білім алуына көмектеседі. №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан ашылған жаңа нысан ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін де зор қолдау.
Әлия Шаңбаева, қала тұрғыны:
- Атырау қаласында ерекше бала өте көп қой. Осы орталық ашылып отыр, ерекше етіп ашып отыр. Ішінде дефектолог, психолог, эрготерапевт бар, аутист балаларға арналған. Осындай орталық ашылып отырғанына қуаныштымыз. Атырауда осындай орталық өте аз. Ата-аналар көбі балаларын қайда апарарын білмей, үйде ұстап отыр ғой.
Қазір орталықта 4 дефектолог, логопед, эрготерапевт, емдеу-дене шынықтыру маманы, тәрбиеші, реабилитолог жұмыс істейді. Олар балаларға педагогикалық, медициналық-психологиялық көмек береді.
Анар Каюпова, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Орталықта жалпы 60 баланы қамтимыз деп отырмыз. Балалармен жеке жұмыс жоспарына сәйкес арнайы мамандар жұмыс жасайды. Орталық облысымыз бойынша әлеуметтік сала бойынша бірінші рет ашылып отыр. Және бұл орталыққа ата-аналар балаларын тегін әкеле алады.
Ғимаратты толық жөндеуден өткізіп, заманауи техникалық құрал-жабдықтар сатып алуға мұнай компаниялары демеушілік көрсеткен. «НСОС» мекемесі балалар ойын алаңын салып, «ТШО» компаниясы 8 орындық арнайы инвакөлік пен оңалту құралдарын алып берді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов