Қостанай облысында ауылдағы интернет жылдамдығы төмен

Қостанай облысының оңтүстік аудандарында интернет жылдамдығы әлсіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Арқалық қаласына қарасты ауылдардың біразы толыққанды желімен қамтылмаған. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Арқалықта 3 базалық байланыс қондырғысын салу көзделіп отыр.

Арқалық қаласының аумағында 18 елді мекен бар. Соның 10 шақтысы ғана қалыпты дейтіндей ғаламтор желісіне қосылған. Оның өзі бірде бар да, бірде жоқ. Ал Арқалықтан 70 шақырым жердегі Қайыңды ауылында интернет мүлдем жоқ.

Берік Дәулеткерейұлы, Қайыңды ауылдық округінің әкімі:

- 23 жылға дейін 2G стандарты бойынша болды. Ол бірақ спутник каналы болғаннан кейін, Билайн компаниясы осы сәуір айында ағытылды. Қазіргі кезде бізде интернет бойынша қиындықтар туып тұр. Бірақ Қайыңды ауылында осы интернетті жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Интернет әлсіздігі әсіресе ауыл мұғалімдеріне батып отыр. «Күнделік.kz» толтырып, компьютер алдында таң атыратын кездері болады екен.

Шолпан Омарова, Екідін ауыл мектебінің директоры:

- Жұмысымыздың барлығы заманауи техникаға байланысты болғандықтан, НОБД күнделікте отыру қиынға соғып отыр. Өйткені бізде интернеттің желісі төменгі дәрежеде. Ол біздің мәселемізді қалалық білім бөлімі де, қалалық әкім де біліп отыр.

Әкімдік қарап отырған жоқ, қолдан келген қаракетін жасап жатыр. Интернет желісін жетілдіруге демеушілерді де тартқан.    

Есламбек Мәметеков, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Екідіннің Майлин атындағы мектепте интернет жылдамдығы аз болғандықтан, қазіргі таңда білім басқармасына осы сұрақты Білім министрілігінде қазіргі кезде жұмыс жасалып жатыр. Енді оның нақты бүгін, ертең шешілетінін айта алмаймын. Біз оның сыртында Терісаққан жақтағы интернетті қолданып жатқан Дарахолмен де жұмыс жасап жатырмыз. Олар бізге құжаттарын жіберіп жатыр. Мүмкін жуық арада шешімін табуы мүмкін. 23-тің аяғына шейін.

Арқалықта ұялы байланыс жүйесін жақсартып, интернет жылдамдығын  арттыру жобасы екі жылдық кешенді бағдарламаға енгізілген. Оған жалпы 90 миллион тенге қаралып отыр.

Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

- Интернетті күшейту мақсатында қазір 3 жоба жасалып жатыр. Мынау антена матчталық діңгек орнату бойынша қазір 2 ауылда бізде жоба құжаттамалары дайын. Ол мынау Қайыңды ауылы мен Екідін ауылында. Сосын бізде «Жаңақала» Әбдіғапар хан ауылында 60 метрлік діңгек құрылысын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Сонымен қатар Арқалық арқылы өтетін республикалық маңыздағы жолдың бойында 2 ұялы байланыс қондырығысын орнату жоспарда тұр. Олардың орындары анықталды. Қазір құжаттары әзірленіп жатыр.  

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.