Қаралы күндер хронологиясы
Қарағанды шахталары қауіпке айналды.
Жарылыстар көбейді. Кейінгі 30 жылда «Арселор Миттал Теміртау» көмір кеніштерінде жүзден аса адам ажал құшты.
Қарағанды шахталарында қайғылы жағдайлар тоқтайтын емес. Опат болғандар саны жыл санап артты. 1995 жылдың 24 қарашасында «Ленин» шахтасында метан жарылып, 13 кенші көз жұмды. Бұл Тәуелсіз ел тарихындағы ең үлкен шахта апаты еді. Араға үш жыл салып, Ленин шахтасында жарылыс тағы да қайталанды, бұл жолы үш адам ажал құшты. Себеп техникалық ақаулардан болған.
Алматы
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 1995 жылдан бастап бүгінге дейін Қарағанды облысында 200-ге тарта адам жараланып, 100-ге жуық адам қайтыс болды. Бұл Миттал мырзаның адам өміріне немқұрайлығының нышаны болып табылады. Міне, осы 30 жылдың ішінде өнідірістің модернизациясына, өндірістің қауіпсіздігіне көк тиын жұмсалмаған.
Сарапшылардың айтуынша, компания ескі техниканы жаңартуға асықпаған. Оның салдары көп ұзамай білінді.
2004 жылдың 5 желтоқсаны. Шахтинск қаласындағы шахтада газ жарылып, 23 кенші ажал құшты.
Қарағандыда тағы бір апат - 2006 жылғы оқиға. Бұл жолы да шахтада метан жарылып, жер астында жұмыс істеп жатқан 41 адам көз жұмды.
2008 жылы да «Абай» шахтасында метан жарылды. 30 кенші опат болды. 21 адамның мәйіті сол күйі табылмады.
Қарағанды облысы
Марат Миргаязов, "Казуглепроф" салалық кәсіподақ төрағасы:
- Егер мұндай жағдайлар тоқтаусыз орын алып жатса, демек, бұл шахталар адам өміріне қауіпті. Мен мұны ұдайы айтып келдім. Біздің шахталарда қауіпсіздік талаптары атымен жоқ. Қондырғыларға келетін болсақ, біз өркениетті елдерден қатты алшақтап кеттік. Қауіпсіздікке қомақты қаражат бөлінуі тиіс. Және бұл жұмыстарды біздің өзіміз қадағалауымыз тиіс едік. Алайда, біз осы іске салғырт қарадық. Өзіміз осындай көзқараста болсақ, өзгелерден не талап етпекпіз?
Адам тағдырына салғырт қарау қайғылы оқиғаларға душар етті. 2017 жылдың 31 тамызында да «Қазақстан» шахтасында кенеттен газ атқылаған. Сол уақытта жердің астында 136 адам болған. Үшеуі көз жұмды.
2021 жылы тағы бір оқиға болып, 2 адам зардап шекті. Алтауы жер астында қалды.
(2023 жылы) Биыл 17 тамыз күні шахтада өрт шыққанда жер астында 227 адам болған. Оның 222-сі құтқарылды. Екі адам опат болды.
Астана
Никита Шаталов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазірдің өзінде бірқатар шахталар істен шыққан. Білуімше, Абай шахтасындағы жұмыс тоқтатылған. Қазақстан кенішіндегі өртті ауыздықтау да біразға дейін созылады. Енді Костенко шахтасы қандай күйге түскені белгісіз. Стратегиялық тұрғыда айтсақ, бізге әуелі азаматтарымыздың өмірін сақтап қалу маңызды. Екінші жағынан, экономика үшін бұл салаларды төмендетіп алмауымыз керек. Бұл үшін әрине батыл қадамдарға баруға дайын болумыз қажет.
Алматы
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүкіл тапқан-таянғанын бұл компания шетелге, өздерінің қалталарына салып отыр. Сондықтан Қазсқтан азаматтарының мүдделерін қорғамайтын инвесторлар елден кету керек. 30 жылдан астам уақыт ішінде 100-ден астам адамның өмірі мойындарында тұр. Сондықтан біз тек қана контрактіні бұзбай, инвесторларды Қазақстандық сотқа беруге іс-әрекет жасауымыз керек.
Кеншілердің салалық кәсіподағы ұсынған дерек бойынша, елдің көмір өнеркәсібінде 27 мың адам еңбек етеді. Соңғы отыз жылда көмір шахталарында орын алған қайғылы оқиғалардан 100-ден астам опат болған.