БҚО-да мердігерлер жол жөндеуден бас тартты
Батыс Қазақстан облысында биыл түрлі деңгейдегі автокөлік жолдарын жөндеуге 81 миллиард теңге бөлінді.
Бірақ қаржыны игеруде кемшілік көп. Мысалы Теректі - Ақсай жолын орташа жөндеу басталғалы 5 жыл болса да, тұрғындар соның шарапатын көре алмай отыр. Былтыр салынған жолдар биыл бүлініп жатыр. Ал тендерді ұтқан екі мердігер тіпті құрылыстан бас тартқан.
Әбдікәрім Омаров Қарақұдық ауылының тұрғыны. Ескі көлігімен жолаушы тасымалдайды. Айтуынша тұрғындар көктем-күзде жол азабын тартады. Асфальт жол ауылға әлі жетер емес, былтыр салынғанының өзі биыл бүлініп жатыр.
Әбдікәрім Омаров, Қарақұдық ауылының тұрғыны:
- Жаңбыр жауса, балшыққа батып жетуіміз мұң болады. Мына жолға үлкен үміт артып едік. Мына жолға сапасыз көріп тұрсыздар, «обочина» болу керек, қиыршық тас салу керек. Қазір ешқандай щебень жоқ. Егер жаңбырда шетке шықсам кіріп кетем. Сапасын көрдіңіздер ғой. Ия тесік-тесік.
Теректі - Ақсай жолының ұзындығы 82 шақырым. Жоба құны 4,4 млрд теңге. Соның алғашқы 28 шақырымы 2019 жылы салынды. Тағы екі бөлігі былтыр асфальтталған. Ал екі мердігер жұмыстан бас тартқан. Құрылыс материалдарының қымбаттауынан жобаны түзету керек, әрі жол салу технологиясымен келіспейміз, дейді.
Дастан Шамуратов, мердігер компания өкілі:
- Топырақ жатыр ғой. Сол топырақ үстінен жаңа материал салынады. 10 см щебень салынады, үстіне цемент салынады және топырақпен бірге қопарылады да бір қабат жаңа асфальт салынады. Бірақ бұрын басталған учаскелер сол технология бойынша дефекттер пайда болды да. Топырақты ауыстырмай жұмыс бастауға болмайды негізі.
Алайда жол басқармасы мұнымен келіспейді. Олар бірнеше нысанды қатар алған компаниялар үлгермей жатыр. Сол себепті сыныққа сылтау іздеп отыр деп санайды. Қазір екі мердігерді де сотқа берген.
Бауыржан Сағиев, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Негізі жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Өзінің қорытындысы бар. Басқа мердігерлер дәл сондай жобаларды іске асырып, қазіргі таңда қабылданды.Подстепное – Федоров - РФ автомобиль жолын жөндеуде, қайта жаңарту жұмыстары жүруде. Сол себепті бүкіл ірі габаритті көліктер осы бағытпен жүруде. Сол себепті жолдар бұзылуда.
Мамандардың сөзінше салынған жолдарға кепілдік бар. Сол мерзімде ақаулар жойылады. Қазір құрылысшылар қатемен жұмысты қолға алыпты. Алайда кепілдік мерзімі бар екен деп былтыр салынған жолдың биыл шұрқ-тесік болуына көз жұма қарау қаншалықты қисынды?
Бауыржан Ахметжан, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Қыруар халықтың ақшасына салынған асфальттің бір немесе екі жылда осылай боп бұзылуы өте сұрақтар туындатады және қынжылтады. Бізде гарантия басталған уақыттан бұзыла бастайды. Сондықтан әкімдікке бір жағынан ыңғайлы да болуы мүмкін. Салдырып алады да сосын мынаны дұрыста, мынаны дұрыста деп отырады. Ал бенефициар халық қой, халықтың мүддесін кім ойлайды?
Орал өңірі асфальт жолдар үлесі жөнінен аймақтар арасында аутсайдер саналады. Осы олқылықтың орнын толтыруға соңғы жылдары мықтап мән берілді. Тек биылдың өзінде 617 шақырымды жөндеуге 81 миллиард теңге бөлінді. Бірақ қаржының игерілуі мен жұмыс сапасы ақсап тұр.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов