Шымкентте агроөнеркәсіп кластері құрылады
Шымкентте шағын шаруашылықтар мен тауарды терең өңдеушілер арасында тығыз байланыс орнады.
Осылайша, агроөнеркәсіп кластері құрылып, қайта өңдеу саласындағы өсім 2,3 %-ке жетті. Сала мамандарының айтуынша, бұл бастама кәсіпорындардың қуаттылығын арттырып қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биыл Шымкентте сиыр сүтін қайта өңдейтін үш кәсіпорын іске қосылды. Тағы 8 цехқа соңғы техникалық қондырғылар алынып, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік алды. Кластерлі жобаларды қолдаудың арқасында шағын фермалар көбейіп, шикізат тапшылығы шешімін тапты.
Цех басшысы Санжарбек Абдувахидов үш бірдей фермамен келісімшарт жасаған. Шаруашылықтардан күнделікті 20 тонна сиыр сүтін қабылдап, одан 10 түрлі тауар түрін дайындайды. Сәйкесінше импорттық өнімнен сапа жағынан қалыспас үшін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасқан.
Санжарбек Абдувахидов, кәсіпорын басшысы:
- 5 тоннадан бастадық творог, қаймақ, кейін сливочный майды қостым. Ірімшік қосылды. Қазір айран бар, құрт бар, сырный палочка дейді чечил ол бар. Қазір объемға шығып алдық жақсы.
Қаладағы қайта өңдеу ісімен айналысатын кәсіпкерлер импорттың орнын отандық өніммен толтыруға ниетті. Әзірге 50-ден аса өндірісте сүт өнімдерінен бөлек ұн, макарон, ірімшік, шұжық және көкөніс консервіленеді. Сондай-ақ балық пен бал өндірісі де жолға қойылды.
Бауыржан Мелдешов, аймақтық ара шаруашылығы палатасының директоры:
- Бүгінгі күнде жалпы осы омарташыларды кәсіпке үйретіп, істеп жатқан бізде СПК құрамында 36 адам бар. Біз өткен жылы 36 тоннадай өнім шығарғанбыз. Бұл жолы одан көбірек болады деп үміттеніп отырмыз. Біздер оңтайландыруға әрекет қылдық. Соның арқасында жәймен дамып келе жатырмыз.
Жергілікті әкімдіктегілер ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді жандандыру мақсатында кластерлік жобаларды қолдауға көңіл бөліп отыр. Басқарма өкілдерінің сөзінше биыл 91 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Осылайша мемлекеттік бағдарлама аясында экономиканың маңызды секторын дамытуға басымдық берілді.
Индира Махатаева, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Кластерлік жобалар деген бір бағытта ғана тоқталып отырған жоқ. Ол бірнеше бағыттарда жүзеге асырылады. Ол егін шаруашылығы, мал шаруашылығында, сонымен қатар бал шаруашылығы бар, балық шаруашылығы. Осы ауыл шаруашылыққа қатысты өнімдердің барлығы кластерлік жобалар арқылы 78 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 91 жобаны жүзеге асыру күтілуде.
Сондай-ақ, Қайнар бұлақ тұрғын алабында тамақ өнеркәсібін дамыту үшін арнайы индустриалды аумақ салынып жатыр. 139 гектар жерді алатын кешенде 30-ға тарта кәсіпорын салынады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов