Жезқазғанда көпбалалы аналар мен зейнеткерлер тігін цехында еңбек етуде

Жезқазғанда мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар мен зейнет жастағы ісмерлер, тігін цехында еңбек етіп жатыр.

Өндіріс орнында арнайы жұмыс киімдері шығарылады. Кәсіп иесі, жалғызбасты ана. Ол өзі сияқты әлеуметтік осал топтағыларға, қолдау көрсетуді ұйғарған.

Бұл тігін цехының ашылғанына көп болған жоқ. Әзірге мұнда 12 адам еңбек етеді. Кәсіпкер тігіншілерді жұмысқа қабылдар алдында әлеуметтік жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық береді. Айтуынша бұл бастама марқұм күйеуінің арманы болған.

Әйгерім Сауытова, кәсіпкер:

- Өзі ІІ топ мүгедегі болған. Жезқазған қаласында осындай мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көпбалалы аналарға ашсам деген өзінің ойы бола-тұғын. Сондықтан да 2 аптадай болды осы Ұлытау облысында ашып жатырмыз. Қазір енді өзім жалғызбасты анамын, көпбалалы анамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды, ол кісілерді өз басым түсінемін жалғыз болғандықтан.

Еңбек ұжымында білікті мамандар да, жаңадан үйреніп жатқандар да бар. Кәсіпкер ісмерлікке ынтасы бар кез келген адамды өзі оқытуға дайын.  Мысалы көптен бері жұмыс іздеп жүрген Арина Маликова осы өндіріс орнына қабылданып, енді тәжірибе жинап жатыр.

Арина Маликова, тігінші:

- Мұнда тігінші болып жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Еңбек шарты да қолайлы. Енді осында тұрақты еңбек етемін деп ойлаймын.

Өндіріс орны мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін жұмыс істеуіне бейімделген. Цех әзірге толық өндіріс қуатына көшкен жоқ. Десе де кәсіпкер жақында жұмысшылар санын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлайды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Нұрдәулет Аманкешев, Гульшахира Серекбаева