Құтқарушылар 5 кеншіні аман алып қалды

Құтқарушылар күні-түні дамылсыз қимылдап жатыр.

Лава бойын толық жүріп өтіп, енді конвейерлер астын қазуға кіріскен.

Жалпы Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі Костенко шахтасындағы апат кезінде 5 кеншіні аман алып қалды. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

Кез келген кен орнындағы апатқа әуелі Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі тартылады. Олар жоспарға сай зардап шеккендерге жетудің ең қысқа жолын қарайды. Егер ол жер өртеніп, не газ тараған болса, алдымен сөндіріледі. Мұнда әр секунд санаулы. Құтқарушылар ширақ қимылдың арқасында апаттан 5 кеншіні ажал аузынан аман алып қалды.

Геннадий Силинский, Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі ҚОФ директорының орынбасары:

- Біздің басты мақсат – алдымен кеудесінде жаны бар кеншілерді құтқару. Сондықтан, өкінішке қарай, көз жұмған кеншілердің қасынан өтіп, тірілерді іздей бастадық. Әр құтқарушыда 4 сағатқа жететін респираторы, газданған ортада алғашқы көмек көрсететін құрал-жабдықтары болады. Біз ес-түссіз жатқан кеншіге жер астында-ақ алғашқы медициналық-реанимациялық көмек бере аламыз. Бұдан бөлек, өзіміздің дәрігерлер тобы бар. Олар да алғашқылардың бірі болып жер астына түседі.

Үлкен қасірет. Бір күнде қаншама кенші бақилық болды. Мұндайда жарынан айырылған жесірге, баласынан айырылған анаға, әкесінен көз жазған балаға да жан-жақты көмек керек. Оны да арқалайтын мамандар бар. Апаттық медицина орталығының дәрігерлері кешеден бері марқұм болған кеншілердің туыстарына көмек көрсетіп келеді. 

Ерген Құдайбергенов, ҚР ТЖМ Апаттық-медицина орталығының дәрігері:

- Біз осы шахтада жарылыс болды дегеннен бастап кешеден бері 3 бригада қызметте жүрміз. Шахтада болған апат салдарынан туыстарына қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Сонымен қатар психолог мамандармен психологиялық көмекте көрсетіліп жатыр. Кешеден бері 40-тан астам адамға шұғыл көмек көрсетілді.

Құтқарушылардың негізгі күші кеншілерді іздеуге жұмылдырылған. Қазір марқұмдардың денесі жер бетіне шығарылып жатыр. Бірақ бұл оңай болмай тұр. Жедел желі телефондарына осы күні 400-ге жуық қоңырау түскен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 44 адам тартылған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.